Қазақстанда биыл күз әдеттегіден жылы болуы мүмкін. «Қазгидромет» мамандарының консультативтік болжамына сәйкес, қазан және қараша айларында еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болады, деп хабарлайды Malim.kz.
Қыркүйекте Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы +9...+15 градус шамасында қалыптасады. Ал оңтүстік-батыста, солтүстік-батыс пен орталықтың кейбір аудандарында температура +16...+22 градусқа дейін жетуі ықтимал.
Жалпы қыркүйекте температуралық көрсеткіштер күздің алғашқы айына тән климаттық нормаға жақын болады. Дегенмен Батыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, сондай-ақ Атырау мен Маңғыстау облыстарының батысында ауа температурасы нормадан шамамен 1 градус жоғары болады деп болжанып отыр.
Қыркүйекте жауын-шашын мөлшері ел аумағының басым бөлігінде климаттық норма шамасында күтіледі. Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында, Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарының басым бөлігінде, сондай-ақ Атырау, Қостанай және Қарағанды облыстарының жекелеген аудандарында жауын-шашын мөлшері нормадан көп болуы мүмкін.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен Абай облысында да қыркүйек айы жауын-шашындырақ болады деп болжануда.
Ал Қызылорда және Түркістан облыстарының басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері әдеттегіден аз болады. Сонымен қатар Маңғыстаудың оңтүстік-шығысында, Ақтөбенің оңтүстігінде және Жамбыл облысының оңтүстік-батысында құрғақ ауа райы күтіледі.
Қазан айында Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болады. Ал Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Түркістан, Жамбыл және Абай облыстарының жекелеген аудандарында температура қалыпты деңгейде сақталады.
Бұл айда жауын-шашын мөлшері республика бойынша негізінен климаттық норма шамасында болады.
Қарашада да еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болуы ықтимал.
Алматы, Абай, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Жамбыл, Қарағанды және Павлодар облыстарының шығысында температура көпжылдық орташа көрсеткіштерге жақын болады.
Қарашада да жауын-шашын мөлшері елдің көп бөлігінде норма шамасында күтіледі. Алайда Солтүстік Қазақстан облысында және Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарының солтүстік аудандарында жауын-шашын әдеттегіден көбірек түсуі мүмкін.