Елордадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесі іске қосылғаннан кейінгі екі апта ішінде 1 миллион жолаушыны тасымалдады. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Әкімнің айтуынша, бүгінде LRT қызметін күн сайын шамамен 65-75 мың адам пайдаланады.
«Бұл көрсеткіш қалалық рельсті көліктің жаңа түрі елорда тұрғындары мен қонақтары арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді. LRT-ны белсенді пайдаланып, жаңа көлік жүйесіне сенім артқаны әрі инфрақұрылымға жауапкершілікпен қарағаны үшін жолаушыларға алғысымды білдіремін», – деді қала басшысы.
Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек LRT жобасының екінші кезеңі қолға алынғанын хабарлады. Оның аясында желі Қосшы бағытына дейін ұзартылмақ.
«LRT-ның Қосшы бағыты бойынша екінші кезеңін іске асыру жұмысы басталды. Жобаның жүзеге асуы көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді», – деп жазды әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік, 16 мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаев Astana LRT жүйесінің жұмысын ресми түрде іске қосты. Жүйенің алғашқы жолаушысы ретінде Мемлекет басшысына 001 сериялы арнайы карта табысталған болатын.
Ал 18 мамырдағы мәлімет бойынша, LRT іске қосылғаннан бері жолаушылар саны 180 мың адамға жеткен еді. Бұған дейін қала әкімдігі жобаның толық жүзеге асуы нәтижесінде LRT желісінің жалпы ұзындығы 100 шақырымға дейін ұлғаятынын мәлімдеген.