Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Майраның маған берiлгендiгiнiң куәсi – өлсе де маған басын иiп қоштасып кеттi" – Асанәлі Әшімов

Тұлға-таным
"Майраның маған берiлгендiгiнiң куәсi – өлсе де маған басын иiп қоштасып кеттi" – Асанәлі Әшімов
ашық дереккөзден

КСРО Халық әртісі, танымал актер Асанәлі Әшімовтің тағдыр-талайы қилы кезеңдерге толы. Жеке басынан өткен қасіретті күндерді ешбір жанға тілегің келмейді. Сол бір мұңға малынған, қайғы жамылған күндердің бірі – жары Майраның хал үстінде жатып бұл дүниеден өтуі еді. Осы бір кезеңдерді Асанәлі Әшімов хатқа түсіріп, ішіндегі шерін күнделікте бөліскен. Осы күнделіктегі Майраға арналған жазбаларды сіздердің назарларыңызға ұсынамыз. 

6-14.11.91
Бұл күндерi "Алатау" санаторийiнде Майра екеумiз демалып жатырмыз. Майра "тамағыма ас тұрып қала бередi" деп шашалып жүр. Соған қатты қайғырамын. Құдайым сақтасын, Алла тағаладан тiлейтiнiм соның саулығы. Майрасыз маған өмiр тұл. Операторларым нашар болды. "Қозы Көрпеш" онша болмай, жұрт алдында масқара болмасам екен, қайғым сол. Жоғарыдағылар үлкен өнерге бара алмайтындарды сүйемелдеп жүр. Көңiл-күй осылай жабырқаулы. Барып шағым айттым, ақылдасатын адамым жоқ. Халық, қара халық өте құрмет тұтады. Сенерiм – солар. Бiр кезде Шәкеңдi де шеттеткен сол жоғарыдағылар едi. Қонаев – дана адам едi.

***

16-19.11.91
Майра "тамағымнан ас өтпейдi" деп қорқытып жүр.

***

21.11.91
Жезқазғандамын. Майраға қатты қайғырып жүрмiн. Үйге апама телефон соқтым. Қуанып, есi қалмай: "Жаман аурудан аман... гастрит екен" деп жеткiздi. Қуанышта шек жоқ.

***

11.02.92
Ертемен апам мен Майраға ауруханаға кiрiп шықтым. Шәмшi Қалдаяқов қатаң жатыр.

***

14.02.92
Майраның аяқ-қолы, бетi iсiңкiреп жүр. Аман болуын бiр құдайдан тiлеймiн.

***

19.02.92
Ауруханаға Майра мен апама бардым. Екi пiрiм ғой. Аналар ғой. Екеуiнсiз күнiм қараң.

***

17.03.92
Майра "мен тiрi болсам сенi бiраз жасқа жеткiземiн" дейдi. Жанымдай жақсы көремін.

***

11.10.92
Үйдемiн. Майраның жоқтығы сезiледi. Апам байғұс Майраны өлердей жақсы көредi ғой, күйбеңдеп, мазасызданып жүр.

***

13.10.92
Шотаның мас болғанын бiрiншi рет көрдiм. Майрамен сөйлестiм. "Ауруын емдеуге болады, жаңа бастаған" депті.

***

17.11.92
Бұл күндерi менiң қайғым – Майра. Мүлдем жатып қалды. Бұл тұрмаса менiң де құрығаным. Ет жүрегiм қан жылайды.

***

9.01.93
Театр. Майра бұл күндерi тәуiрлеу. Бiрақ денесi қарайып келедi. Содан қорқамын. Жаныма қатты батып жүр.

***

16.01.93
Майра "Жүрегiм мақта сияқты, жағдайым төмен" деп қорқытып тұрды. Сонда да ойлайтыны менiң жәйiм. Ең қуанарлығы – өзi ауруға берiлмейдi, оптимист.

***

14.03.93
Мьюнхен. Майра ауруханада. Ес-түссiз. Бүгiн отау құрғанымызға 35 жыл. Қасымда ұлым Мәди.

***

20.03.93
Арнайы ұшақпен Майраны Германиядан алып қайттым. Тiрi өлiк.

***

21.03.93.
Ел мейрамда, мен жылаудамын. Майра сол қалпы. Үмiтiм бiртiндеп жоғалып барады. Бәрiнен де елдiң аяушылықпен қарағаны жаныма батады. Айылымызды жимай-ақ өмiр сүрген едiк. Ендi ес жиып, балалар есейiп, өзiмiз үшiн өмiр сүру кезеңi басталып едi. Қымбаттым, сүйiктiм менiң, Майра! Қайғыда түп жоқ. Не болам? Ар жағы мидай дала.

***

29.03.93
Таңғы сағат 5.30-да Майра дүниеден қайтты.

***

31.03.93
Бүгiн Майраны үйге әкелiп түнеттi. Мен сорлатқанда қасында жоқпын. Ауруханадамын.

***

1.04.93
Майраның жерге жамбасы тиген күн.Сағат 11.00-де Майраны аурухананың қорасына әкелдi. Зембiлмен алып барайық деген екен, бас дәрiгер рұқсат етпептi. Мен Майрамен қорада қоштастым. "Жан-жарым, асылым, үй болған соң аяқ-табақ сылдырламай тұрмайды, ренжiткен жерiм болса кеш, мен де кештiм". Майраның маған берiлгендiгiнiң куәсi – өлсе де маған басын иiп қоштасып кеттi. Бұдан артық трагедия болмас. Топырағын Ескендiр алып келдi, сөйтiп топырақ салдым.

***

6.05.93.
Күн өткен сайын қайғы меңдеп барады. Не iстеу керек? Апам екеумiз бiр-бiрiмiзге бiлдiрмей жылаймыз.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу