Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова үйіндегі жөндеу жұмыстарының кемшіліктерін түзетуге кіріскен құрылысшыларға алғыс білдірді, деп Malim.kz тілшісі Zhuldуzdy News парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада әнші жұмысшыларға ризашылығын білдіріп, "Алла разы болсын" дейді. Әзірге кемшіліктерді бастапқы жөндеуді жүргізген бригада түзетіп жатыр ма, әлде басқа мамандар шақырылды ма – нақтыланбаған.
Бұған дейін Мақпал Жүнісова үйінің қасбеті жөндеу аяқталғанына бір жыл толмай бұзыла бастағанын айтып, құрылысшылардың жұмысына шағымданған еді. Әншінің сөзінше, жөндеу төрт айға созылып, оған 55 миллион теңге жұмсалған. Ол қаптаманың қабырғадан ажырап, кей тұстары түсіп жатқанын видеода көрсеткен.
Сол кезде өнер иесі құрылысшыларды танитынын, бірақ соттасуға уақыты жоқ екенін айтқан. Енді ол үйіндегі олқылықтарды түзетуге атсалысқан мамандардың еңбегіне ризашылығын жеткізді.
Мақпал Жүнісова кім?
Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасының әншісі, Қазақстанның халық әртісі және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1964 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысындағы Теректі ауылында дүниеге келген. Өнер жолын "Гүлдер" ансамблінде бастап, кейін "Назерке" ансамблін ұйымдастырған. "Ғашық жүрек", "Қыз ғұмыр", "Фариза қыз" әндері арқылы кең танылды.