Мерзімді әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алып, екі жарым жылға жуық комада жатқан Ербаян Мұхтар Астанада жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Stan.kz жазуынша, 26 маусымда Астанада мерзімді әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт комада жатқан Ербаян Мұхтарды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Марқұмды жерлеу және жаназа намазы бүгін таңертең оқылды.
Ербаян Мұхтар 2023 жылдан бері бас-ми жарақатынан кейін өте ауыр жағдайда болды. Ол 23 маусым күні Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында көз жұмды.
2023 жылдың желтоқсанында әскери бөлім басшылығы сарбаздың дәретханада құлап, басын кафельге соғып алғанын хабарлаған еді. Алайда марқұмның отбасы бұл нұсқаға күмән келтіріп, оқиғаның мән-жайын жан-жақты тергеуді талап етті.
Содан бері қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу әлі аяқталмаған, ал күдіктілер анықталмаған.
25 маусымда Сенат кулуарында қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Ербаян Мұхтардың ісі бойынша кінәлі тұлғалар міндетті түрде анықталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ұлттық ұлан қолбасшылығы тәртіптік жауапқа тартылады. Тергеудің не себепті ұзаққа созылғаны туралы сұраққа вице-министр Істің ішкі істер министрлігінің өндірісінде екенін айтып, қазіргі уақытта әскери прокуратура мен өзге де құзырлы органдардың тексеруге тартылғанын жеткізді.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің сарбаздың өліміне қатысты ресми мәлімдеме жасағанын да хабарладық.