21 қазанда түнде Мажарстанның Сазхаломбатта қаласындағы компанияға тиесілі Дунай мұнай өңдеу зауытында өрт шықты. Бұл туралы 24.hu басылымы қала мэрі Михай Везердің мәліметіне сүйеніп хабарлады.
Өрт мұнай айдау қондырғысы AV-3 маңында басталған. Жарылыс тіркелмеді, зардап шеккендер жоқ. Өрттің нақты себебі әзірге анықталмаған. Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізілетінін айтты.
Бұған дейін, дүйсенбі күні күндіз, Румынияның Плоешти қаласындағы Лукойл компаниясының мұнай өңдеу зауытында жарылыс болған еді. Digi24 порталының хабарлауынша, жарылыс қалдықтардың ағуынан жиналған газдардың тұтануынан болған. Бір адам жарақат алды. Полиция еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу және абайсызда денсаулыққа зиян келтіру баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.
Айта кетейік, екі зауытта да өңделетін мұнайдың бір бөлігі Ресейден жеткізіледі.
Еуропарламент 2026 жылдан бастап Ресей мұнайы мен газына тыйым салуды қолдады
Еуропарламенттің өнеркәсіп, зерттеу және энергетика комитеті мен халықаралық сауда комитеті 2025 жылдың 16 қазанында Ресейдің табиғи газы мен мұнайын импорттауға тыйым салуды көздейтін заң жобасын мақұлдады.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресейден құбыр арқылы және сұйытылған күйдегі (СПГ) газ әкелуге толық тыйым салынады. Алайда 2025 жылдың 17 маусымына дейін жасалған келісімшарттар үшін қысқа мерзімді келісімдер 2026 жылдың 17 маусымына дейін, ал ұзақ мерзімділері 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін жарамды болады.
Сондай-ақ, 2026 жылдан бастап Ресейдің мұнайы мен мұнай өнімдерін импорттауға да тыйым енгізіледі. Осы мерзімге дейін мұнайды әкелу үшін кеден рұқсаты және оның шығу елін растау қажет болады.
Бұрынғы нұсқада теңізге шығатын жолы жоқ елдерге (мысалы, Венгрия) ерекше жағдай қарастырылған еді, бірақ бұл тармақ жаңа нұсқадан алынып тасталды. Оның орнына Ресейдің «көлеңкелі флоты» арқылы санкцияларды айналып өту әрекеттеріне қарсы шаралар енгізілген.
Заң жобасын енді Еуропарламент пен Еуроодақ Кеңесі бірлесіп талқылайды. Қазіргі уақытта Кеңеске Дания төрағалық етеді. Құжат мақұлданған соң, ол Еуропарламент сессиясында дауысқа салынып, кейін ЕО Кеңесімен ресми түрде бекітіледі.
Фото: Pexels