Оқу-ағарту министрінің блогер-ұстазды әлеуметтік желіде бұғаттағаны белгілі болды. Бұл туралы Arasha.kz хабарлайды.
Жас мұғалім өзінің жеке парақшасында министр тарапынан бұғатталғанын байқағанын айтып, жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, бұл әрекет күтпеген әрі түсініксіз болған.
"Оқу-ағарту министрі мені әлеуметтік желіден бұғаттап тастаған екен. Парақшаны өзі басқара ма, әлде көмекшілері ме, білмеймін. Бірақ мені блоктағанын байқадым. Бұл әрекетін түсінбедім, өйткені бұрын оны қолдаған болатынмын. Депутаттық қызметіндегі жұмысының нәтижесін көрсету үшін посттарын бақылап отырдым. Мен әлеуметтік желіге пост салған едім, ал қазір ол кісі мені бұғаттап тастаған. Бұны мен мұғалімдердің мұң-мұқтажын тыңдағысы келмейтін әрекет деп түсіндім, себебі мен посттарымда жүйедегі олқылықтар мен мұғалімдердің мәселелерін көтергенмін. Бұл әрекетті "Естуші Үкіметке" жасалған қиянат деп қабылдадым", – деді блогер.
Мұғалім бұл әрекетті білім саласындағы өзекті мәселелерді көтергенімен байланыстырады. Оның айтуынша, жазбаларында жүйедегі кемшіліктер мен ұстаздардың түйткілді проблемаларын ашық айтып жүрген.