freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Ауыл" фракциясы Baqylauda жүйесін фермерлер үшін 2028 жылға дейін кейінге қалдыруды ұсынды

Саясат •
"Ауыл" фракциясы Baqylauda жүйесін фермерлер үшін 2028 жылға дейін кейінге қалдыруды ұсынды
Фото: QURYLTAI \ ЖИ арқылы өңделген

"Ауыл" партиясы фракциясының депутаттары мемлекеттік қолдау шараларын бақылауға арналған Baqylauda ақпараттық жүйесін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін енгізуді 2028 жылға дейін кейінге қалдыруды ұсынды. Бұл мәселені Құрылтай депутаты Мұрат Иргибаев Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Malim.kz. 

Депутаттың айтуынша, бүгінде Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бақылау мақсатында екі деңгейлі Baqylauda мониторинг жүйесін енгізіп жатыр. “Ауыл” фракциясы мемлекеттік қолдаудың ашық әрі тиімді болуын қолдайтынын, алайда жаңа жүйе аграрлық саланың ерекшеліктерін ескеруі қажет екенін атап өтті.

Мұрат Иргибаев ауыл шаруашылығында субсидияларды бақылауға арналған электронды тетіктер қазірдің өзінде бар екенін айтты. Оның сөзінше, 2023 жылдан бері ГИСС жүйесі жұмыс істеп келеді. Ол электронды өтінім беруге, “күту парағын” қалыптастыруға және бірқатар процесті автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді. Ал 2025 жылдан бастап субсидия алушыларға қарсы міндеттемелер енгізіліп, мемлекеттік қолдау өндірістік нәтижелермен байланыстырылған.

Осыған байланысты депутаттар Baqylauda жүйесін аграрлық секторға енгізуге асықпау керек деп есептейді.

Депутаттар қандай тәуекелдерді атады?

Фракция өкілдерінің пікірінше, мәселенің бірі – жұмысшылар саны мен еңбекақы қорын тұрақты арттыру талабы. Қазір ауыл шаруашылығында автоматтандыру мен заманауи техника кеңінен қолданылып келеді. Мәселен, жаңа буындағы бір трактор бұрын бірнеше техника мен бірнеше жұмысшы атқарған міндетті орындай алады.

Сондықтан депутаттар жұмысшылар санының азаюын өндірістің төмендеуі ретінде бағалау дұрыс емес деп санайды. Керісінше, бұл технологиялық жаңару мен еңбек өнімділігінің өсуін көрсетуі мүмкін.

Тағы бір мәселе – салық түсімдерін тұрақты өсіру талабы. Депутаттық сауалда ауыл шаруашылығының нәтижесі ауа райы мен нарықтағы баға секілді фермердің тікелей бақылауындағы емес факторларға тәуелді екені айтылған. Сол себепті мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бағалау кезінде мұндай тәуекелдер де есепке алынуы тиіс.

"Мемлекеттік қолдау әкімшілік жүктемеге айналмауы керек"

"Ауыл" фракциясы мемлекеттік қолдау фермерлерге қосымша әкімшілік кедергі туғызбай, саланың дамуына ықпал етуі керек деген ұстаным білдірді.

Осыған байланысты депутаттар Үкіметке Baqylauda жүйесін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін енгізуді 2028 жылға дейін кейінге қалдыруды, жұмысшылар саны, еңбекақы қоры мен салық түсімдеріне қатысты талаптарды аграрлық саланың ерекшеліктеріне бейімдеуді және жүйені жетілдіру кезінде агроөнеркәсіп кешені өкілдерінің ұсыныстарын ескеруді ұсынды.

Фракция өкілдері бақылаудың негізгі мақсаты талаптарды көбейту емес, бюджет қаражатының нақты нәтижеге жұмсалуын қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жағдай жасау болуы тиіс екенін атап өтті.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу