Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов педагогтерді өз қызметтік міндетіне кірмейтін жұмыстарға мәжбүрлеуді тоқтату қажет екенін айтып, мұндай әрекеттерге айыппұл қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды Malim.kz.
Депутаттың айтуынша, педагог мәртебесіне қатысты ең өзекті мәселенің бірі – мұғалімдердің жауапкершілік шегін нақтылау. Ол ұстаздар тек оқу процесі кезінде ғана жауапты болуы керектігін атап өтті.
"Демалыс күндері, жазғы каникул кезінде немесе түнгі уақытта мұғалімдер оқушылар үшін жауап бермеуі тиіс. Құқық қорғау органдары бар. Кейбір өңірлерде балалар түнде құқық бұзғаны үшін мұғалімдерді жұмыстан шығарып жіберген жағдайлар болған. Тіпті өзен күзету сияқты жұмыстарға да тартқан. Бұл – еңбек демалысын бұзу. Мұғалім тек сабақ кезінде жауапты. Ал каникулда немесе түнгі уақытта жауапкершілік ата-ананың мойнында", – деді Аймағамбетов.
Сондай-ақ депутат педагогтерден артық есеп талап ету және оларды сенбілік секілді қызметтік міндетіне жатпайтын шараларға тарту мәселесіне тоқталды. Қазіргі таңда мұндай заңбұзушылықтар үшін тек ескерту қарастырылғанын айтты.
"Біз ескерту емес, нақты айыппұл енгізуді ұсынып отырмыз. Егер мектеп басшысы мұғалімді мәжбүрлесе – жауапкершілік сол басшыға жүктелуі керек. Егер мұндай шешімді білім басқармасы қабылдаса – басқарма жауап беруі тиіс. Ал министрлік деңгейінде болса – тиісті орган жауапты болуы қажет", – деді ол.
Депутат көтерген тағы бір мәселе – мұғалімдердің WhatsApp топтарындағы жүктемесі. Оның сөзінше, бұл тәжірибе пандемия кезінде кең таралып, бүгінде қалыпты құбылысқа айналған.
"Бір мұғалімнің өзінде 15-ке дейін чат болуы мүмкін: оқушылармен, ата-аналармен және әріптестермен. Барлығына жауап беру оңай емес. Сабақтан кейін мұғалімнің де жеке өмірі, отбасы бар. Біз мұғалімдерді ресми бекітілмеген платформаларда міндетті түрде жауап беруге мәжбүрлемеу керек деп санаймыз. Көптеген елдерде ата-аналар бала 11 жыл оқыса да мұғалімнің жеке телефон нөмірін білмейді. Бұл мәселені біріздендіру қажет", – деді Аймағамбетов.
Депутаттың пікірінше, педагогтердің құқығын қорғау – білім сапасын арттырудың маңызды шарты.