Непалда Бхоте-Коши және Тришули өзендері алабында болған жойқын су тасқыны салдарынан кемінде 95 адам қаза тапты, деп хабарлайды Malim.kz.
Қаза болғандардың арасында балалар да бар. 500-ге жуық адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Олардың қатарында шетелдік туристер, жергілікті тұрғындар, сарбаздар мен полиция қызметкерлері бар.
26 тамызда Бхоте-Коши өзеніндегі су деңгейі күрт көтерілген. Алдын ала мәлімет бойынша, табиғи апатқа Тибетте таңертең болған магнитудасы 4,4 жер сілкінісі себеп болуы мүмкін. Алайда билік апаттың нақты себебін әзірге ресми түрде жариялаған жоқ.
Жер сілкінісінен кейін Непал-Қытай шекарасы маңында көшкін жүріп, тау жыныстары мен лай Лхенде өзеніне құлаған. Апатты ағын Тимуре елді мекені арқылы өтіп, Тришули өзеніне қосылған.
Су тасқыны салдарынан елді мекендер қирап, жолдар мен көпірлер бүлінді. Гидроэнергетикалық нысандар да зақымданған. Апат салдарынан қанша адамның суға кеткені әзірге белгісіз.
Құтқарылған тұрғындардың бір бөлігі биік жерлерге жиналса, кейбір адамдар су басқан үйлердің шатырларында қалып қойған.
Құтқару жұмыстарына Непал армиясы мен полициясы жұмылдырылды. Алайда қираған инфрақұрылым операцияларды қиындатып отыр. Мәселен, Расува ауданында адамдарды эвакуациялауы тиіс тікұшақ су тасқыны жергілікті қону алаңын шайып кеткендіктен, қонуға мүмкіндік болмай, Катмандуға қайтуға мәжбүр болған.
Непал үкіметі Бхоте-Коши өзені бойындағы су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерді үш ай мерзімге апат аймағы деп жариялады.