Павлодарда еркін күрестен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға сот үкімі шықты. Бұл туралы Azattyq Rýhy сайты жазды.
42 жастағы спортшы билік өкілдеріне күш қолданды деп айыпталған.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, биыл қыркүйек айында спортшы өзін көшеде тоқтатқан Ұлттық ұланның үш сарбазына тіл тигізіп, артынша оларға жұдырық ала жүгірген. Палуанның өзі осы сәтте дәмханадан мас болып шығыпты.
Сот үкімімен Олимпиада жүлдегері кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейді.
Айта кетері, Даулет Шабанбай 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері. Қола медальді араға он жыл салып, 2022 жылы екі қарсыласы допингпен ұсталғаннан кейін алған. Ал осыдан бес жыл бұрын Шабанбай спорттық мансабын аяқтады.