Әкем “анаң алжыды” деп жылап қоңырау шалды - Альцгеймер жайлы
Бірнеше жыл бұрын Альцгеймер ауруы голливуд фильмдерінде көрсетілетін, шындыққа жанаспайтын, біздің қоғам үшін тым таңсық, жат құбылыс сияқты еді. Алайда бұл ауру бізді айналып өткен емес. Тек жақындарымыздың мінезін күн санап өзгерткен бұл дертті осыған дейін қарттық санап, көз жұма қарап келдік. Соңғы кездері осы ауруға шалдыққандарды қарайтын күтім үйлері ашыла бастады. Сол үйдің біріне кіріп, сондағы жандармен танысып, жағдайларын біліп көрдік.
2020 жылдың қысына дейін Дамираның (есімі өзгертілген - ред.) өмірі бір қалыпты еді. Жетпістен асқан, денсаулықтары сыр бермеген ата-анасы өздерімен өздері бөлек тұратын. Кейінірек әкесі Дамираға жиі қоңырау соғып, “Аналарың алжыды, өмірім тозаққа айналды” деп жылай шағымдана бастайды. Алғаш кезде сенбегенімен, әкесінің өтінішінен соң кейіпкеріміз оны қонаққа жіберіп, бір күн бойы анасының жанында қалады. Дамира сол бір қиын кезеңді әңгімелей отырып, ұзақ уақыт көз жасын тыя алмады. Келіншек сол күні анасын қарттарға арналған күтім үйіне жатқызуға шешім қабылдағанын еске алды.
“Мен қиналып болса да, көнгеніммен, әпкемді көндіру қиын болды. Кейін әпкемді де үйге алып келдік, көзі жетті. Анам болса түнде үй кезіп, тамақ істесе, қазанға жеуге болмайтын затты қосып жіберетін. Тіпті бірде сол тамақтан балаларым уланып қалғаны бар. Бәрінен бұрын әкем қатты қиналды, дәрі берсе “өлтіресің”, тамақ берсе “улайсың”, далаға шықса “тастап кетесің” деп сөгеді”.
"Мейірім" күтім үйі - Malim
Біз Дамирамен өзі айтып отырған күтім үйінде таныстық. Бүгін мұнда арт-терапия шарасы өтіп жатыр. Дамира әкесін ертіп, анасын көруге келген екен. Әкесі қазір де қатты қиналып жүргендей, кетерде қимастықпен қарап, жарымен тым ұзақ қоштасты. Мүмкін болса, өзі де қарттар үйінде қалғысы келетіндей. Дамираның жетпістен асқан анасының сырт келбеті сыр бермеген.
“Ата-анам өте жас көрінеді. Анам физикалық тұрғыдан ауырған емес, буыны сырқырап, көзі нашар көріп, құлағы естімейтін жағдайға да жеткен жоқ. Жалпы сырт көзге ештеңе өзгермеді, алайда есінен кетті. Анамды алғаш пансионатқа жатқызғанда көп адам сынай қарағанымен, мұның қарттық емес, ауру екенін, оны емдеп-жазу керек екенін түсінгендер көп болды деп ойлаймын. Тіпті жақындарымыздың көбі бұл проблеманың өз үйлерінде бар екенін бізге қарап түсінгендерін айтып жатты”.
Дамира диагнозды қабылдап, жаңа өмірге бейімделу аса қиын болғанын айтады.
“Ең қиыны - қарсы алдыңда бұрынғы сау адам жоқ екенін түсіну. Анам өте сауатты, абыройлы қызметте болған азаматша еді. Ақылға қонымсыз нәрселер айтып, ойға келмейтін нәрселер істегенде “Мазақ қылып тұр ма?” деп жылап жібергің келеді”.
Оқи отырыңыз: Қартайғанда суретші болу немесе бейқам қарттықты жастар неге түсінбейді?
Дамира анасын пансионатқа жатқызу жайлы шешімді қабылдаудың өзіне бір жыл кеткенін айтады. Оның сөзінше, нақты шешім қабылдауға психотерапевт Жібек Жолдасова көмектескен.
“Біз анамды емдеп алуға тырыстық, түрлі психологқа барып көрдік, бір күні психотерапевт Жібек Жолдасовамен таныстым. Анамды көріп, “Ол кісі қазір мүлде қиналып жүрген жоқ. Оның қиялында өз әлемі бар, сол бір кішкентай әлемде айналасындағыларды ойламастан, жайлы өмірін сүріп жүр. Азап шегіп жүрген - сендер, әсіресе әкелерің. Қазір қайта әкелерің сау, егер әрі қарай осылай жүре берсеңдер, онда естен кеткен анаң әкеңді де алжытып жібереді. Себебі мұндай адаммен өмір сүру жанындағы адам үшін үлкен сынақ” деді.
Рас, бірден ол сөздерге сенгің келмейді. Ұзақ талқылап, анамды пансионатқа жатқыздық. Қазір бір жылға жуықтады, жиі-жиі келіп тұрамыз. Бұрынғыдай ашулы, ызалы емес, басылған. Бас кездері пансионатты да басына көтеретін. “Пансионаттан шығарып алғыңыз келмей ме?” дейтін шығарсыз. Алайда мұндағы мамандар анам өмір бойы осында қалуы керек пациенттер қатарынан деп отыр”, - деді Дамира.
Қазақстанда Альцгеймер ауруы бойынша ресми статистика әзірге жоқ, сондықтан дәрігерлер әлемдік дерекке жүгінеді: жалпы халық санына шаққанда 1 пайызға тең. Невроз бен Альцгеймер ауруын емдеу клиникасы директоры, психотерапевт Жібек Жолдасованың сөзінше, 80 жастан асқан әрбір екінші қартта Альцгеймер диагнозы расталатын көрінеді.
“Біздің елде әзірге бұл мәселеге назар аударылмай келеді. Әлемдік статистикаға сәйкес, жалпы халықтың 1 пайызы осы дертке шалдығады және жасы ұлғайған сайын, адамның Альцгеймер ауруына шалдығу ықтималдығы да арта түседі. 80 жастан асқан адамдардың жартысында Альцгеймер белгілері бар екені анық көрінеді”
Маманның сөзінше, ауру басталған шақта бірден байқау қиындау, алғашқы симптомдары мынадай: ұмытшақтық, гигиенаны сақтамау, назар аударуы нашарлау.
“Ең жаманы - біз мұның бәрін қарттықтың белгісі деп түсінеміз. Ұмытшақтық - қарттық белгісі емес, жас өте есте сақтау қабілеті, керісінше, жақсара түсуі керек. Бұл аурудың ең ауыр тұсы да осымен байланысты, кәрі адам өзін ұмытады: аты кім, жасы нешеде екенін ұмытып, немерелерін танымайтын халге жетеді. Мұндай жағдайда ауруға шалдыққан қарт емес, оның жақыны қаттырақ қиналады”.
… Біраз уақыт өткен соң жолдасымен қоштасуға шыққан Дамираның анасы ғимаратқа қайта кірді.
“Бүгін мына суреттерді салғызып қойды. Не керегі бар? Мен сурет сала алмаймын. Қалай салам? Үйді салдым, ұқсамай қалды” деп арт-терапияда отырған орнына қайта жайғасты. Негізі психолог кейіпкеріміздің суретін жақсы бағалаған еді, суреті бізге де үйге ұқсайтындай болып көрінді.
Жанында отырған Нина апа бірден сурет салмайтынын айтып, бас тартты. Бірақ Дамираның анасына “Үй сал, жанына ағаштың суретін сал, үйдің шатырын сыз” деп айтып отырған өзі еді. Бөтенсімесін деп, біз де үстел басына жайғасып, сурет салғандай болдық. Нина апа маған қарап, “Ой мына қыздың суретінің әдемісін-ай, тура менің немереме ұқсайды екенсің” деп, төрт немересі барын айтты.
- Алинам мен Каринам - егіздер, екеуі де сұлу, Тимур үйге кеш келеді, келіншегінің аты кім еді, ұмытып қалдым… ой, есімде жоқ.
- Апа, ал, төртінші немереңіздің аты кім?
- Менде үш немере бар, үшеу деймін, - деді де түк болмағандай өзімізді күлкі ете жөнелді.
Арт терапия өтіп жатқан күтім үйі “Мейірім” деп аталады. Осыдан он үш жыл бұрын Шолпан Абдрахманова өз ақшасына ашқан орталық әлі күнге жеке мекеме ретінде жұмыс істеп келеді. Орталық басшысы мемлекеттік көмек алуға ниетті болғанымен, он жыл ішінде үкімет олардың үнін ести қоймағанын айтты.
Гүлзада Сұлтанов - әкімші:
“Мемлекет осы адамдардан (қарттардан - ред.) үміт жоқ дей ме екен, түсінбеймін, қолдау білдіруге ықылас білдірген емес. Бұл азаматтарға тегін дәрі беру үлкен шығын болғанымен, тым құрыса бір реттік жаялық, сауықтыру шараларымен қамтуға болар еді. Оның үстіне біздің орталықта көрсетілетін күтім көп қартқа қажет-ақ. Көпшілік ата-анасының тым құрыса аптасына бес күн осында қалғанын қалар еді. Алайда, қаражат жағынан кез келгенінің қалтасы көтере бермейді. Орталық жеке болғанымен, аса табысты кәсіп деп айта алмайсың. Әркімнің бергені өзіне, оған күтім жасаған қызметкерлерге жұмсалады”.
Орталыққа жатқызу үшін адам басына күніне 8 мың теңге төленуі керек. Қысқа мерзімде қалатын адамдар үшін 9 мың теңге. Бұл сомаға тұратын жер, психолог, дәрігер көмегі, күтім, массаж, уақытылы тамақ кіреді. Дәрілері мен бір реттік жөргек бұл сомаға кірмейді.
Қазір орталықта 43 қария бар. Орталық ғимараты, безендірілуі балабақша сияқты, ал ондағы қариялар - балалар, қылықтары да сондай. Біз кетуге жиналып жатқанда, оларды түскі асқа шақырды. Жүгіруге шамасы келмесе де, барлық ата-апалардың асығыс екенін байқадық. Бір-бірінің ыдысына үңіліп, басқаға өзінен көбірек салмап па деп қарағандары, шапалақ соғып, тәтті бергеніне қуанғандары, артынша сап түзеп, қол жууға кеткендері - бәрі балабақшаны еске салды.
Оқи отырыңыз: Қоғам үшін "қолайсыз" адамбыз - семіздік сергелдеңі