Алматы әуежайында қызды кепілге алған азаматқа сот үкімі шықты

Бүгін Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында әуежайда тұтқын алу ісі бойынша көпшіліктің назарын аударған қылмыстық іске үкім шықты, деп хабарлайды Malim.kz.
Сот Машрапбек Баратовты Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша кінәлі деп танып, келесі жазаларды тағайындады:
- 8 жыл — «Тұтқын алу» бабы бойынша (ҚК 261-бап, 2-бөлім, 4-тармақ);
- 4 жыл 8 ай — «Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық» бабы бойынша (ҚК 293-бап, 3-бөлім);
- 2 жыл — «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы бойынша (ҚК 273-бап).
«Сот жаза мерзімін ішінара қосу арқылы барлығы 10 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, ҚК 60-бабы 1-бөлімі негізінде бұрынғы, яғни 2024 жылғы 26 желтоқсандағы Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімі бойынша өтелмеген жаза ішінара қосылып, Баратовқа түпкілікті 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деп үкімді оқыды судья Анар Карашева.
Айыпталушы жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.
Бұған дейін прокуратура Баратовқа 10 жыл 6 ай жаза тағайындауды сұраған болатын.
Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде айыпталушының зейнет жасында екенін, кінәні ішінара мойындағанын және жасаған ісіне өкінетінін ескерді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 2025 жылғы 7 наурыз күні сағат 11:45 шамасында Алматы халықаралық әуежайының ұшу алдындағы тексеру аймағында ер адам тексеруші әйелдің шашынан ұстап алып, оған пышақпен қорқытқан. Осы оқиғаға байланысты іс кейін қайта тергеліп, 15 шілдеде сотта қайта қарау басталған еді.
Фото: Камшат Абдирайым

Ең көп оқылған
