457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Алматыда Құрылысшылар күні қарсаңында ауқымды сенбілік өтті

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және Құрылысшылар күнін мерекелеу қарсаңында мегаполистің барлық сегіз ауданында ауқымды сенбіліктер өтті.

Оларды коммуналдық инфрақұрылым басқармалары, қала құрылысын бақылау басқармалары және аудан әкімдіктері ұйымдастырды.

Құрылыс компаниялары, қала тұрғындары мен коммуналдық қызметтер күш біріктіріп, қаланы одан әрі таза, жайлы етуге атсалысты.   Іс-шараға «Алатау Құрылыс Сауда» ЖШС, «Ayt Facility Management», «Бат-Сат-1» ЖШС, «ECO City Building» және басқа да құрылыс компаниялары қатысты. Сенбілік барысында қаланың барлық аудандарындағы маңызды нысандар қамтылды.

Олардың қатарында «Ақкент», «Олимпик парк», «Рамс Эво», «Asyl Mura» тұрғын үй кешендері және т.б. бар. Барлығы санитарлық-тазалау жұмыстарына 9568 адам және 86 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

Сенбілікке қатысушылар іргелес аумақтарды тазалау, тротуарларды жуу, жасыл желекті күтіп-баптау, арық желілерін тазалау, қоғамдық кеңістіктер мен жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандыру, ағаштарды суару және санитарлық кесу, арамшөптерді жою, көгалдарға күтім жасау және шөп шабу жұмыстарын атқарды.

Бұдан бөлек, мегаполистің әр ауданында түрлі қалалық қызметтер мен құқық қорғау органдарының қатысуымен жергілікті сенбіліктер өткізілді. Ортақ күш-жігердің арқасында 2 380 м³ қоқыс шығарылды. Сенбілік қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға және Құрылысшылар күнін мерекелеуге дайындыққа елеулі үлес қосты. Алмалы ауданында 15 техника көмегімен 420-дан астам адам 60 м³-ден астам қоқыс жинап, шығарды. Алатау ауданында «Дарабоз» және «Нұркент» ықшамаудандарын тазалау жұмыстарына 1 270 адам қатысып, 320 м³ қоқыс шығарылды, 22 арнайы техника жұмылдырылды. Іс-шара концерттік бағдарлама аясында өтті. Алматылықтар ерекше белсенділік танытып, қоқысты тез жинап қана қоймай, іс-шара жайлы ойларын бөлісіп үлгерді. Олардың арасында зейнеткерлер де бар.



“Жасыма қарамастан, тазалық жұмыстарына көмектескеніме қуаныштымын. Балаларымыз бен немерелеріміз таза әрі әсем қалада өмір сүргені маңызды. Оның үстіне, сенбілік — көршілермен танысып, бәріне пайдалы іс атқарудың тамаша мүмкіндігі”, –


деді Людмила Викторовна.

Жетісу ауданында Солтүстік айналым көшесінде 410-нан астам адам және 23 техника 120 м³ қоқыс жинады.
 Әуезов ауданының Шалов көшесі мен «Ақсай-1А» ықшамауданында 1 200-ден астам адам 600 м³ қоқыс шығарды, 25 техника пайдаланылды.
 Медеу ауданында 350 адам және 20 техника Бигельдинов, Роза Бағланова және Бейсеуов көшелерін тазартып, 150 м³ қоқыс шығарды.

Қатысушылар тек аумақты тазалап қана қоймай, күтпеген сыйлықтарға ие болды. Ең басты тосынсый — 38 жастағы алматылық, аты мен тегі ұлы ақынмен аттас Абай Құнанбаевтың қатысуы болды.


“Бұл экоакция – біздің мәдениетіміздің көрінісі әрі ұлы Абайға деген құрметіміздің белгісі. Оның шығармашылығында табиғат маңызды орын алады. Бізге қоршаған ортаға ұқыпты қарауды еске салады. Ұлы Абайдың есімі мен тегін иелену – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Осы атқа үнемі сай болуға тырысамын. Жастарға оқуға, оқуға және тағы да оқуға кеңес беремін”, –


деді алматылық тұрғын.

Наурызбай ауданында 900 адам Төле би, Әшімов және Жуалы көшелерінен 100 м³ қоқыс шығарып, 27 техника жұмылдырылды.
 Түрксіб ауданында, «Алтай» ықшамауданында акцияға 870 адам қатысты, 155 м³-ден астам қалдық шығарылды, 14 техника пайдаланылды.

Акцияға жас опера әншісі Асан Ерасыл да қосылды.



“Елді дамытудағы үлесіміз тек шығармашылықпен шектелмеуі тиіс. Мұндай шараларға қатысу бізді маңызды құндылықтар төңірегінде біріктіреді және туған жерге деген сүйіспеншілікті іспен дәлелдеуге мүмкіндік береді”


деді ол.

Сенбілік барысында қоқыс жинау, тротуарларды сыпыру, ағаштарға санитарлық күтім жасау, жасыл желектерді суару, гүлзарлар мен көгалдарды ретке келтіру, арық жүйесін тазалау жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар тұрақты түрде өткізіліп, оған қала тұрғындарының көбірек тартылатынына үмітті екендерін айтты.

Фото: Алматы қаласы әкімдігі