«Даму бала» платформасы арқылы 88 млн теңге жымқырғандар сотталды

Қызылорда қаласында балалар спортын және шығармашылығын қолдауға арналған «Даму бала» платформасы арқылы қызмет көрсететін кәсіпкерлерден 88 млн теңгеден астам қаражатты жымқыру бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында, мониторингтік топ құрамында болған қатысушылардың бірі өзінің қызмет бабын пайдаланып, сыбайласымен бірге кәсіпкерлерден тексеріс нәтижелерін «оң шешіп береміз» деген желеумен ақша бопсалағаны анықталды.
- Нәтижесінде олар 88 млн теңгеден астам қаражат алған. Ақшаның бір бөлігіне коттедж және автокөлік сатып алынған. Соттың санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды, - делінген ақпаратта.
Сот үкімімен басты айыпталушы кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды. Оның сыбайласы 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Фото: Видеодан алынған скрин

Ең көп оқылған
