Өзбек мафиясының басшысы Сәлімбай бай бостандыққа шықты
Ол ұзақ уақыт бойы ауыр дертпен күрескен
Өзбекстандық қылмыс әлемінің беделді өкілі Сәлім Абдувалиев, «Сәлімбай-бай» лақап атымен танымал, денсаулығына байланысты колониядан босатылды, деп хабарлайды Malim.kz Kun.uz басылымына сілтеме жасап.
Ол «өзбек мафиясының басшысы» ретінде белгілі және Қырғызстан тарапынан ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Камчы Көлбаевпен байланысы үшін іздеуде жүрген.
Сәлім Абдувалиев 12 қаңтарда ауыр ауруына байланысты жазасын өтеуді жалғастыруға кедергі келтіретін жағдайына орай Қылмыстық кодекстің 75-бабы (Ауруға немесе еңбекке жарамдылықты жоғалтуға байланысты жазадан босату) бойынша жазадан босатылды, делінген хабарламада.
Басылымның мәліметінше, ол ұзақ уақыт бойы ауыр дертпен күрескен. Бұған дейін «Озодлик» дереккөздерге сілтеме жасап, оның жүрек ишемиялық ауруымен ауырғанын хабарлаған.
Сәлім Абдувалиев 1950 жылы Ферғана облысында дүниеге келген. Ол ықпалды кәсіпкерлердің бірі болып, спорттық ұйымдарды басқарған, кинопродюсер болған. 2008 жылы спортты дамытудағы еңбегі үшін Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың мемлекеттік марапатын иеленген. 2017 жылы Өзбекстанның Ұлттық Олимпиада комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалған.
2024 жылдың наурыз айында Ташкент соты Сәлім Абдувалиевті атыс қаруын заңсыз айналымға шығарғаны үшін алты жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен.
2024 жылдың тамыз айында Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) Сәлім Абдувалиевті белгілі қырғыз «қылмыс әлемінің серкесі» Камчы Көлбаевпен байланысы бар деп айыптады. Камчы Көлбаев 2023 жылдың қазан айында оны ұстау бойынша арнайы операция кезінде оққа ұшып, қайтыс болған. Қырғызстан билігі Абдувалиевтің Көлбаевтың қылмыстық ұйымын қаржыландырғанын, ақшаны заңсыз жолмен айналымға салумен айналысқанын және Орталық Азиядан Еуропаға есірткі тасымалдау арнасын ұйымдастырғанын мәлімдеген.
Фото: Jahongir Latipov / YouTube