Қарақалпақстан түбі тәуелсіз ел болады!

Шетелде «Алға, Қарақалпақстаннан»  өзге сегіз саяси партия бар. Олар да біз сияқты Қарақалпақстанда тіркеле алмай қиыр жағалап жұмыс жасауға мәжбүр. Біздің қатарымызда он мың мүше бар. Мақсат - азаттыққа қол жеткізу! Қан төгіссіз, заң  аясында тәуелсіздігімізді алғымыз келеді. Бірақ, ресми Тәшкент оккупациялық саясатын қоятын емес.

  • 14.12.2020

Қарақалпақ Алты алаштың құрамына кіретін ділі, тілі және діні бір ел. Тарихына көз жүгіртсек, Хиуа хандығы, Ресей патшалығының құрамында болған. Совет үкіметі орнағанда Қазақ АССР-на қосылған еді. Алайда, 1936 жылы Қарақалпақ автономиялық советтік социалистік Республикасы Өзбек ССР-не өтті. Содан бері Өзбекстанмен бірге. Әйтсе де, Қарақалпақстан өз алдына дербес ел болу керек дейтін азаматтар жоқ емес. Солардың бірі – «Алға, Қарақалпақстан» демократиялық партиясының басшысы Аман САҒИДУЛЛАЕВ.

Malim.kz сайтының тілшісі он жылға жуық уақыттан бері шетелде тұрып жатқан қарақалпақстандық диссидентпен аз-кем сұхбаттасқан еді.

-Аман мырза, әлеуметтік желіде өзіңізбен танысқаныма қуаныштымын. Қазір қай жерде тұрып жатырсыз? Партияңыздың жұмысы қалай?

-Туған жерден кеткелі тоғыз жылдан асыпты. Бір түнде кетуге мәжбүр болдық қой. Сондағы бар жазығымыз - өзіміздің заңдық талабымызды қойғандығымыз. Қазір 2016 жылдан бері Норвегияда тұрып жатырмыз. Скандинавиядағы бұл ел саяси баспана берген. Әйелім, үш балам қасымда. Кеме жөндейтін мекемеде еңбек етемін. Құдайға шүкір қалымыз жаман емес. Шетелде «Алға, Қарақалпақстаннан»  өзге сегіз саяси партия бар. Олар да біз сияқты Қарақалпақстанда тіркеле алмай қиыр жағалап жұмыс жасауға мәжбүр. Біздің қатарымызда он мың мүше бар. Мақсат - азаттыққа қол жеткізу! Қан төгіссіз, заң  аясында тәуелсіздігімізді алғымыз келеді. Біздің өз алдымызға егемен ел болуымыз мүмкін екені Өзбекстан конституциясында жазылған. Қарақалпақстан халқы референдум өткізіп, өз алдына шаңырақ тігуге қатысты шешім қабылдай алады. Бірақ, ресми Тәшкент оккупациялық саясатын қоятын емес. Біз осыған тойтарыс беру жолында халықаралық ұйымдармен байланыс орнатып, қолымыздан келгенше қарекет етіп жатырмыз.

- Қазір қарақалпақ халқының жағдайы қалай? Елмен байланыс бар шығар?

- Халықтың жағдайы ауыр. Қарақалпақ пен қазақтар өзбектермен тең құқылы емес. Жақсы жұмыстарға тек өзбектерді алады. Қазақстанмен шекаралас Қоңырат деген аудан бар. Менің туған өлкем. Сол жерде газды қайта өндеп пластмасса шығаратын үлкен зауыт бар. Жылдық табысы 12 миллиард доллар. Зауыттың өз құны 4,9 миллиард доллар. Кәсіпорында еңбек ететіндердің 98-99 пайызы өзбектер. Бастығы айына он бес мың АҚШ долларына дейін алады. Ал жергілікті халық тамаққа зар.

-Қарақалпақстандағы қазақтардың жағдайы қалай?

- Қарақалпақтың жағдайы қандай болса қазақтың жағдайы сол. Қазақ Тәшкентке барса, өзбектер қозақ дейді.

- Саяси-қоғамдық ахуал қалай?

- Жақсы емес қой. Амантай Сейітмұратов деген біздің партияның мүшесі бар. Соңғы екі айда үш рет қамалып, екі рет сотқа тартылды. Екі рет айыппұл төледі. Әуелі әйелін бес жасар қызымен  қамап, жалдап тұрған пәтерлерінен қуып шықты. Сондағы бар айыбы қоғамдық орындағы дүкен, мемлекеттік мекеме  т.б ғимараттар атын өзбек тіліне ауыстырып тастағанын видеоға түсіріп ютубқа салғаны. «Неге қарақалпақ тіліндегі жазулар алынып тасталады?» деген мәселе көтерген ғой. Амантайдың әрекетінде қандай қылмыс бар? Қарақалпақстанда қарақалпақ тілі мемлекеттік тіл ғой.

Өмірбек Құрбанов деген құқыққорғаушы бар. Оны үйіне келіп сабап кетті. Терезесін сындырып отбасын қорқытқан. Нүкісте тұрады. Нүкіс астана болса да түнде жарықсыз отырады. Жеті қараңғы түнде Өмірбек соққыға жығылды. Кім ұрғанын тауып көр. Бұның артында мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тұрғаны анық.

- 1990 жылы 14 желтоқсан күні Қарақалпақстан Жоғарғы кеңесі (парламенті) тәуелсіздік декларациясын қабылдаған еді ғой. Бұл күн қазір аталып өте ме?

- 1992 жылы Ислам Каримов біздің ішкі мәселемізге араласып, мемлекеттік төңкеріс жасамағанда 14 желтоқсан жоғарғы деңгейде аталып өтер еді. Қарақалпақстанның қазіргі билігі осы бір ардақты күнді тойламайды. Халық үшін ұлттық мейрам. Халық жылда атаусыз қалдырмайды. Бірақ қауіпсіздік қызметі, ішкі істер органы мен әкімдік сол күні аңдуды, бақылауды, қудалауды күшейтеді. Ресми Тәшкенттің аярлығына сөз жоқ. Қарақалпақстанның конституция күнін Әмір Темірдің туған күні деп қойған. Тоғызыншы сәуір күні барлық БАҚ Әмір Темірдің ерлігін баян етеді. Бұның барлығы не үшін жасалып жатқанын сезіп отырған шығарсыз. Енді 14 желтоқсан Әмір Темір отбасын құрған күн деп жариялайтын шығар.

-Интернет беттерінен қарақалпақтар қазақ боп жазылып Қазақстанға кетіп жатыр деген ақпаратты көріп қаламыз. Бұл сөз қаншалықты рас?

- Бұл сөздің шындығы бар. Бірақ жаппай кетіп жатыр деуге келмес. Қарақалпақтардың жер-жаһанда жалғыз отаны бар. Ол - Қарақалпақстан. Біз алты арыстан тұратын Қоңырат, Қыпшақ, Қытай, Кенегес, Мүйтен деген елміз. Амал нешік, жыл сайын шамамен нәпақа табамыз деп Қазақстанға он-он бес мың адам кетеді. Қазақстанда қарақалпақ болып жүру қиын. Кейбір қазақтар қарақалпақтардың қыдырып келмегендерін түсінбейді. Ақтауда, Шымкентте, Алматыда қаншама отандастарымыз қарақалпақ болғаны үшін таяқ жеді. Қазақ, қырғыз, қарақалпақ бірігуіміз керек. Қытай экспансиясына қарсы тұру үшін түркілер бірігуі тиіс. Тарихшылар біледі қазақ-жоңғар соғысында қарақалпақтардың қазақтарға қалай жәрдемдескенін.

-Қарақалпақ саясаткерлері арасында Ресейге қосылу керек деген бастаманы көтеріп жүргендер бар. Бұған көзқарасыңыз қалай?

- Қарақалпақ Ресей құрамына кірсе аман қалады. Жуырда ресейлік саясаткер Владимир ЖИРИНОВСКИЙ Қарақалпақстан бір кездері Ресей патшалығының құрамында болды деді. Оның сөзі рас. Біз қазір де Ресей Федерациясының құрамына өтуге қарсы емеспіз. Я болмаса, ұлт болып сақталамыз десек, АҚШ пен Қытай құрамына кірген де дұрыс деп ойлаймын.

-Қытай?

-Иә, қытай. Қытай біздің ана тілімізді жаншып, әйелдеріміздің жатырын алып тастайды деп ойламаймын. 1990-92  жылдары Қарақалпақстанда  1 миллион 743 мың адам болған. Қазір санымыз 1 млн 900 мың. 1992 жылы  өзбектердің саны 20 миллион еді. Бүгінгі таңда олардың саны 34 миллионға жетті. Қолдан қарақалпақтар санын шектемегенде санымыз төрт миллионға жетіп қалар еді. Менің әйелім мектеп директоры болып еңбек еткен. Мектепте кейбір сыныптарда тіптен оқушылар жоқ. Біздің бала күнімізде әр сынапта 41 бала оқитын.

-Қарақалпақ қазақ пен қырғызға жақын ғой. Қазақстан мен Қырғызстан құрамына кіру жағын неге көтерілмейді? Совет үкіметі кезінде Қарақалпақстан Қазақстан құрамында болғандығын білеміз ғой.  

- Сөзсіз біз бауырлас елдерміз. Бірақ Қазақстан мен Қырғызстан Қарақалпақстанды қорғауға дайын емес. Жақындарымыздан қолдау көре алмай отырмыз. Қазір қарақалпақтарға геноцид жасалып жатыр. Қазақстан мен Қырғызстан бізге экономикалық, әскери көмек бере алмайды. Қазақстан өзінің Қарақалпақстандағы саяси мүддесін білмей отыр. Халық білуі мүмкін. Бірақ қазақ билігі түсінетін емес. Құдай сақтасын, егер қазақ пен өзбек арасында бір кикілжің болса, ресми Нұр-Сұлтан түсінуі мүмкін. Бірақ ол кезде кеш болады. Ал Өзбекстан орталық Азиядағы өз ықпалын күшейтіп жатыр.

-Түркия қуатты ел ғой. Неге оларға арқа сүйемеске?

- Сіз Ресей, АҚШ, Қытай құрамына кіруге де дайынбыз деген сөзіме таңқалып отырған шығарсыз.Бірақ былай айтпасқа басқа амалымыз жоқ болып тұр. Қыздарымыз өзбектердің тоқалы, ұлдарымыз құлына айналды. Міне 28 жыл болды ғой. Жылда Түркия түркі елдерінің ассамблеясын өткізіп жатады. Бірден бір рет Қарақалпақстаннан бір адамды шақырған жоқ. Біз жайлы бір ауыз сөз жоқ. Сонау сібірдегі Якут, Тыва айтып жатады. Қырғыз, қазақ, түркімен, әзірбайжан бізге қарайласып жатыр ма? Түркімін деп айтуға ұяламын. Қазақстан Ресей мен Украинаның арасында арағайын болып жүреді. Сирияға қатысты Нұр-Сұлтан қаласында дөңгелек үстелдер ұйымдастырды. Іргеде отырған мемлекет ретінде Өзбекстанға бірауыз сөз айтуларына болады ғой. Менің атажұртымда адам түгілі мал ішетін су жоқ. Өзбектер Амударияның суын байлап кенеземізді кептіріп тастады. Сардоба су қоймасында 950 млн. куб суды ұстап отырды емес пе? Соның кесірінен Мақтааралдарыңыз су астында қалды.

-Қарақалпақстан азаттыққа қол жеткізуі мүмкін бе? Халық азаттық алуға лайық па?

-Қарақалпақстан міндетті түрде тәуелсіз ел болады. Түбі егемендікке қол жеткіземіз. Егер дүнияда низам, заң деген бар болса. Бұрын қарақалпақ халқы ұйқыда еді. Қазір оянды. Не өлу керек, не азаттыққа қол жеткізу керек екендігін түсінді. Халқымыз аз болғанымен жер асты байлығымыз көп. Тәуелсіздік алсақ ешкімге алақан жаймай ел болып кетеміз. Жер асты байлықтарымыз 2 трлн. доллардан асады. Он жылдың  ішінде дамып кете аламыз.

-Әңгімеңізге рақмет! 

Көре отырыңыздар: Қарақалпақтар Шымкенттен неге кетті?

MalimBlocks
Төлеген Айбергеновтың өлеңдері

Төлеген Айбергенов 1937 жылы 8 наурызда Қаракалпақ елінің Қонырат деген жерінде дүниеге келген. 29.08.1967 жылы дүниеден озған. 1959 жылы Ташкенттің Низами атындағы педогогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп,туған ауылында мұғалімдік қызмет атқарады.