Иран жексенбі күні Ормуз бұғазы аймағында екі күнге созылатын әскери жаттығуларды бастайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz. Interfax-қа сілтеме жасап.
Al Jazeera хабарлауынша, жаттығу барысында жауынгерлік оқ ату қарастырылған.
Жаттығулар Ормуз бұғазын, сондай-ақ Парсы және Оман шығанақтарына іргелес аймақтарды қамтиды. Алайда Иран билігі оған қандай күштер мен құралдардың тартылатынын нақтыламады.
АҚШ Қарулы күштерінің Таяу Шығыстағы Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранға ескерту жасап, америкалық әскери кемелерге қауіпті жақындаулар мен ұшып өтулерге жол бермеуге шақырды. Ведомство мұндай әрекеттер қақтығыс пен шиеленіс қаупін арттыратынын атап өтті.
CENTCOM АҚШ әскери қызметкерлері мен кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін және ирандық күштердің қауіпті әрі кәсіби емес әрекеттеріне төзбейтінін мәлімдеді.