Продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі парақшасында ағасы қайтыс болғаннан кейін қоныс тойын жасады деп сынағандарға жауап берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ол жазбасында ағасынан айырылудың өзіне ауыр тигенін айтып, бұл жағдайды «хайп» пен өсекке айналдырмауды сұрады.
"Сіздерге өтініш, өзегім өртеніп, жүрегім тілім-тілім болып, жан ағамнан айырылуымды подписчик көбейтіп, хайп жинау үшін түрлі сынға алып, өсектей бермесеңіздер. Тас түскен жеріне ауыр, менің жүрегімнің астан-кестең болып жүргені сіздерге сырт көзге беймәлім", – деп жазды ол.
Гүлзира Айдарбекованың сөзінше, олардың отбасында әлі қоныс тойы болмаған. Оның айтуынша, ағасының жаназасы мен жетісіне келе алмаған адамдар жаңа үйге кіріп шығуға ниет білдірген.
Сондықтан жақын араласатын адамдардан 5-6 адам шақырылып, дастарқан жайылған. Продюсер мұның ауқымды той емес екенін ерекше атап өтті.
"Жаңа үйге көз жаспен емес, шашумен кірсін, жақсылықтар болсын деген соң, 5-6 адам шақырып, шай беріп жібердім. Азын-аулақ асымды өзім дайындап, самауырнымды қойып, құран оқытып жібердім. Үйдегі қызыммен, ұл-келінімнің көмегі болды. Әйтпесе аспаз шақырып, үлкен етіп тойлауға да болар еді", – деді ол.
Сондай-ақ ол бұл үйде өзінен бөлек жастар тұратынын айтып, өмір жалғаса беретінін жеткізді.
"Өлімнің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасайды. Бәріміздің ертелі-кеш баратын жеріміз – сол зират. Өсектің де жөні түзуін жазыңыздар", – деп түйіндеді продюсер.