Облыс орталығында Өскемен-1 станциясының теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Жаңартылған вокзалдың ашылу салтанатына «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы қатысты, деп хабарлайды Malim.kz.
Өскемен-1 станциясының вокзалы 1938 жылы салынған. Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша ескі ғимарат толықтай бұзылып, оның орнына заманауи жаңа нысан бой көтерді. Вокзалдың жалпы аумағы екі еседен астам ұлғайып, 858 шаршы метрден 1,8 мың шаршы метрге жетті.

Жаңа вокзал қауіпсіздікке, жолаушылар ағынын ұйымдастыруға және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға қойылатын заманауи талаптар ескеріле отырып жобаланған. Инженерлік коммуникациялар жаңартылып, перрон реконструкцияланды, вокзал аумағы абаттандырылды.
«Вокзалдың қауіпсіздігі мен қолжетімділігіне ерекше көңіл бөлінді. Қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін лифтілер, эскалатор, көтергіш платформалар және тактильді навигация қарастырылған. Вокзал заманауи бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерімен жабдықталған», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Вокзал күн сайын 2 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Өскеменді Астана, Алматы, Аягөз, Жезқазған, Қарағанды және Достықпен байланыстыратын 12 жолаушылар пойызы қатынайды.

Өскемен-1 вокзалын реконструкциялау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан теміржол вокзалдары мен олардың инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүргізілді. Биыл ел бойынша 124 вокзалдың 121-ін жаңғырту жоспарланған.
Шығыс Қазақстан облысында аталған бағдарлама аясында бес теміржол вокзалын реконструкциялау көзделген. Оның төртеуі - Шемонаиха, Риддер, Алтай қалаларындағы және Күмістау станциясындағы нысандар пайдалануға берілді. Жаңартылған Өскемен-1 вокзалының іске қосылуы өңірдегі осы жұмыс кезеңін толық аяқтайды.

«Жаңа теміржол вокзалы Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Ол көлік қолжетімділігін қамтамасыз етіп, облысты еліміздің басқа өңірлерімен байланыстырады. Вокзалды жаңғырту жолаушыларға неғұрлым қолайлы жағдай жасауға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және инфрақұрылымды өсіп келе жатқан жолаушылар ағынына бейімдеуге мүмкіндік береді. Бір бағдарлама аясында бес вокзалды жаңғырттық. Бүгін жаңартылған Өскемен-1 вокзалының ашылуымен осы жұмыс кезеңін аяқтап отырмыз. Бұл – облыс орталығындағы негізгі теміржол вокзалы. Мұнда күн сайын мыңдаған жолаушы қатынайды. Сондықтан олардың заманауи әрі жайлы қызмет түрлерін пайдалануы маңызды», – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетейік, жоба «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның, Көлік министрлігінің және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
