Өскемен қаласында «Заң және тәртіп» бастамасы аясында Өскемен жылу электр орталығының (ЖЭО) жұмысшы жастарының қатысуымен диалог алаңы ұйымдастырылды.
Кездесудің бастамашысы — Шығыс Қазақстан облысының Жастар ресурстық орталығы.
«Біздің негізгі мақсатымыз — қолданыстағы заңнаманың негізгі нормаларын түсіндіру, құқық бұзушылықтар мен есірткі қылмысының алдын алу, сондай-ақ жұмыс істейтін жастар арасында құқықтық сауаттылық пен жауапты азаматтық мінез-құлықты қалыптастыру», — деді ШҚО ЖРО қызметкері Шыңғысхан Серіков.
Диалогқа Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының және облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері қатысты.
«Қазіргі таңда өңірде ең жиі кездесетін қылмыстар қатарына алаяқтық, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстар жатады. Аймақта “URPAQ” жобасы іске асырылуда. Атаулы Telegram-бот арқылы балалардың құқықтарының бұзылуы жөнінде ақпарат жинақталып, түскен сигналдарға жедел әрекет ету және шұғыл көмек көрсету қамтамасыз етіледі. Кез келген азамат, оның ішінде балалар да, анонимді түрде көмек сұрап немесе кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатысты мәліметтерді жолдай алады», — деді Өскемен қаласы бойынша прокуратура бөлімінің прокуроры Диас Сайранканов.
Кездесу барысында алаяқтықтың алдын алу және кәсіпорын қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Біздің кәсіпорында өз міндеттерін және заң талаптарын жақсы білетін, заңға бағынатын, жауапты мамандар еңбек етеді. Соған қарамастан, мұндай түсіндіру кездесулерінің маңызы зор. Қазіргі таңда қандай алаяқтық схемалар қолданылып жатқанын білу, қылмыстың құрбанына немесе еріксіз қатысушысына айналмаудың жолдарын түсіну, өзекті статистиканы меңгеру маңызды. Сонымен қатар жақындарға дер кезінде көмек көрсетудің жолдарын білу қажет», — деп атап өтті Өскемен ЖЭО-ның жетекші инженері Сырым Үмірзақов.
Диалог алаңы аясында жастармен заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік, сондай-ақ жас мамандардың қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөлі талқыланды.