freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Павлодар облысы: боранда адасқан адамның мәйіті табылды

Оқиға
Павлодар облысы: боранда адасқан адамның мәйіті табылды

Павлодар облысында ауа райы қауіпті болып тұр. Өкінішке қарай, қатты боран салдарынан бір адам қаза тапты. Бұл туралы Malim.kz Sn.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Кеше сағат 14.00 шамасында 1980 жылы туған азамат Баянауыл ауданы Майкөбе ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан фермадан мал қарауға атпен шығып, сол күйі табылмаған. Шаруа қожалығы қызметкерінің денесі бүгін ғана фермадан екі шақырым қашықтықтан табылды. 

Жалпы, Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері бір тәулік ішінде 107 адамды аман алып қалды. Құтқарушылардың үйлесімді және жедел іс-қимылдарының арқасында 6 бала мен 62 адам эвакуацияланды. Жылыту пункттеріне 195 адам орналастырылды.

Бұл ретте құтқарушылардың кәсібилігі мен жедел әрекет етуін атап өту керек. Мәселен, түк көрінбейтін қатты боран кезінде азаматтық қорғау лейтенанты Қайрат Мусинов Ақтоғай ауданынан Павлодар қаласына көлік қозғалысының қауіпсіз бағытын көрсете отырып, 10 көліктен тұратын автоколоннаның алдына шықты. Құтқарушылардың үйлесімді әрекеттерінің арқасында колонна межелі жерге аман-есен жетті. Зардап шеккендер жоқ.

Сол сияқты 112 пультіне Көктөбе ауылынан шамамен 15 шақырым жерде жеңіл автокөліктің жолдан шығып кеткені туралы хабарлама түсті. Көмекке келген Май ауданы ТЖ бөлімінің қызметкерлері — азаматтық қорғау полковнигі Дастан Исқара, азаматтық қорғау капитаны, инженер Мирас Гросс және азаматтық қорғау капитаны, бас маман Талғат Ташенов кезектесіп, автокөліктің алдында 4 шақырымнан астам жаяу жүріп, жол бағытын көрсетіп отырды. Сөйтіп, жолаушыларды діттеген жерге жеткізді. Кейін олар Кеңтүбек ауылына қайтып келе жатып, Атамекен – Ақсу – Үлкен Ақжар – Курчатов республикалық маңызы бар автожолында тағы бір бұзылып қалған автокөлікті байқады. Оның ішінде Курчатов қаласынан келе жатқан Павлодар қаласының екі тұрғыны болған. Құтқарушылар оларды да қауіпсіз жерге жеткізді. 

Синоптиктердің болжамынша, қатты боран мен екпінді жел бүгін-ертең де сақталады. Оңтүстік-батыстан жылдамдығы 23-28 м/с дейін жететін жел соғып, қар мен бұрқасын күтіледі.

Айта кетейік, алдағы үш күнде еліміздің барлық аймағында күн жылынатынын жазғанбыз. 

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу