Армения Америкамен ынтымақтастығын нығайтты
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Арменияға шекарасын нығайту бойынша эксперттік көмек көрсету үшін мамандар тобы жіберілетінін хабарлады. Бұл туралы «Голос Америки» жазды.
Сейсенбі күні АҚШ Армениямен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімге қол қойды.
АҚШ пен Армения «стратегиялық серіктестік комиссиясын» құрып, оның міндеті түрлі саладағы байланыстарды нығайтудың жолдарын – қорғаныстан бастап экономика мен демократияға дейін бірлесе іздеу екенін атап өтті Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен.
АҚШ қауіпсіздік және қорғаныс саласында Арменияны қолдайды және оның өз аумағында тәуелсіздігін және суверенитетін нығайтуға деген күш-жігерін қолдайды, деді Блинкен Арменияның сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен келісімге қол қою рәсімінде.
Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян да екі ел күшті серіктес бола түсетінін және бұл екі елдің, сондай-ақ, бүкіл өңір мен өзге елдер үшін де пайдалы болатынын мәлімдеді.
Блинкен АҚШ Арменияға шекара қауіпсіздігін нығайтуға көмек көрсету үшін мамандар тобын жіберетінін айтты.
АҚШ, сондай-ақ, Армениямен азаматтық ядролық ынтымақтастық туралы келіссөздер бастайды, ал Ереван ресми түрде АҚШ-тың Ислам мемлекеті экстремистік ұйымына қарсы күреске бағытталған халықаралық коалициясына қосылады.
Еске салсақ, Армения Ресей басшылық ететін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қатысудан бас тартты. Сейсенбі күні Ресей Ереванның бұл қадамы Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) мүше ел ретінде үйлеспейтінін мәлімдеді.
Өткен аптада Армения парламенті Еуропалық Одаққа қосылу процесін бастау туралы заң жобасын мақұлдады.
Фото: Chuck Kennedy / Official State Department