«Берік Уәли – кемеңгер». «Тұңғышбайды асу керек» деген Үмітхан кімнен үміттенеді?
Үмітханның ендігі үміті Берік Уәлиде секілді
2016 жылы актер Тұңғышбай Жаманқұлов пен экс-Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының арасы ушығып, соңы бітіспес дауға айналғаны мәлім. Ақыры жемқорлық дерегіне байланысты Жаманқұлов ұсталып, қажетті мөлшердегі ақшаны төлеп құтылған-ды. Сол кезде жалт бұрылғыштардың бірі Арыстанбектің, енді бірі Тұңғышбайдың жағына шыққан. Арыстанбекті жақтап, сөзін сөйлегендердің бірі - бұрынғы Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева.
Ол қорғаштаудың жөні осы екен деп, қызды-қыздымен «Тұңғышбайды асу керек» деп жазба жариялағаны есте. Мұңалбаеваның бұл пікірі көпшілік арасында қызу талқыға түскен-ді. Жазбаны жарияға шығарған журналиске Үмітхан доқ көрестіп, қорқыту-үркіту әрекеттерін жасағаны белгілі. Журналист Нұрсерік Жолбарыс «Тұңғышбай Жаманқұлов кінәлі болғанның өзінде елімізде «асу жазасы» жоқ екенін» жазып, директордың бұлай айтуға моральдық құқы жоқ екендігін мәлімдеген-ді. Мұның соңы журналиске буллинг жасаумен, ал Н.Жолбарыстың оны прокуратураға шағым түсірем деген шешімімен тәмамдалған.
Бұқаралық ақпарат құралдарында Үмітханды «Арыстанбектің адамы» деген әңгімелер шыққанын білеміз. Айта кетейік, Мұңалбаева кітапханаға директорлыққа Арыстанбек министр кезінде тағайындаған. Кейбір дереккөздерде жарияланған жазбаларда «Мәдениет министрі туралы “секс-скандал” пайда болғанда, осы академиялық кітапхана қызметкерлері оны ақтап әлек болған еді. Тіпті, ұзынқұлаққа сенсек, Мұңалбаева Астанаға келген сәтте Арыстанбектің үйінде тұрған көрінеді» деп те жазылды.
Жалпы Мұңалбаеваның жөнсіз әрекеттері туралы көп сөз болды. Былтыр жазушы Роза Мұқанова мен Үмітхан Дәуренбекқызының арасында кикілжің болғанын көрдік. Мұқанова Әкім Таразидің жеке кітапханасын Ұлттық кітапханаға сыйға тартқанын, ақыры құнды кітаптар қолда болғанын жазып өкпе-ренішін білдірген. Үмітханның бассыздығын сынаған Мұқанова Ұлттық кітапхананы «тозығы жеткен күркеге» теңеп, екеуара ерегесті жұртшылық біраз талқыға салды.
Бұл оқиға ғана емес, бірнеше жылдық тарихы бар Кітап музейінің жабылатыны туралы әңгіме шыққанда да даудың арасында Үмітхан жүрді. Сол тұста «кітап музейі таратылып, Мәдениеттерді жақындастыру орталығына айналсын» деген қаулы шықты деген ақпарат тарады. Бұл істе Арыстанбек пен Үмітханның ешкіммен ақылдаспай, құжатты Үкіметке қабылдаттырғаны жөнінде әңгіме гулей түскен. Тіпті экс-кітапхана басшысы көрмеге қоямын деп Кітап музейінен 130-150 сирек жәдігерді алып, қайтармай қойғаны да әжептеуір шу болған-ды. Мұны Мұңалбаева Арыстанбек басқаратын министрлік арқылы іске асырғаны айтылды. Бұл туралы сол кездегі Кітап музейінің сол кездегі директоры Жүрсін Ерман да шырылдап, журналистерге сұхбат бергені белгілі. Арыстанбек министрлікті тізгіндеп тұрған уақытында «Қазақ энциклопедиясын» жекеменшікке өткізіп алды.
Бүгін кеше «дәуірлеген» Арыстанбек жоқ. Жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге байланысты Мұхамедиұлын ұстап, тергеуге алды. Ол 146 миллион теңге бюджет қаражатын жымқыру бойынша тергеліп жатыр. Мұңалбаева бұдан біраз уақыт бұрын Ұлттық академиялық кітапханадан кетті. Қандай себеппен кеткені бізге белгісіз. Белгілісі, зейнет жасында болса да кітапхана креслосын босатпай көп отырды, әйтеуір. Арқасынан қаққан адамынан көз жазған Үмітханның ендігі үміті ел алдында жүрген Берік Уәлиде секілді. Қалай дегенмен де Тоқаевтың қасында жүрген кадр ғой. Экс-кітапхана басшысы Берік Уәлидің әлеуметтік желідегі парақшасына «Кемеңгер азаматсыз!» деп жазба қалдырыпты. Бір кездері «Тұңғышбайды асу керек» деген Мұңалбаеваның енді кемеңгерлік туралы айта қалғаны қызық болды. Желі қолданушыларының пікірінен «адам қалай құбылады?» деген көзқарас анық байқалады.
Айбын Атабай
Фотолар ашық дереккөздерден алынды