Еспаева не дейді, Аймағамбетов не дейді?
Парламент Мәжілісінің депутаты Дания ЕСПАЕВА Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТІ жауапқа тартып, БҒМ-ге қаржылық тексеру жүргізу керек дейді. Мәжілістің жалпы отырысында көтерілген бұл мәселеге не себеп болды?
"Жазда білім министрі Аймағамбетов жаңа оқу жылында қашықтан білім беру бойынша еш қиындық болмайды деп сендірген. Алайда "Ақжол" фракциясының депутаттары өңірлерді аралап шыққаннан кейін, шілде айында министрге тағы да үндеу жолдап, жағдайдың түзелмегенін айтқан», - дейді Еспаева.
Жағдайдың түзелмегенін, бір үйдің бірнеше баласы жалғыз смартфонға қарап отырғанын, интернеттің дұрыс істемейтінін, оқушылардың шатырға, тауға шығып, интернет аулап жүргенін Еспаева айтпаса да жұрт біледі. Аймағамбетов те білуі керек. Бірақ, елдің бәрі білетін және ешқашан шешілмейтін, үкімет пен ведомстволар «жағдайды реттеп жататын» көп мәселелер сияқты интернет пен компьтерлердің жетіспеушілігін жұрт та, шенеуніктер де айта-айта шаршады.
Еспаева оқу жылы басталып кеткен соң, интернет пен компьютер мәселесін көтеріп, қолын мезгілінен кеш сермеген жоқ па?
Депутат ұсынған мәлімет бойынша 2016 жылдан бері білім беру саласына республикалық бюджеттен 28 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Оның 12 млрд-ы мультимедиялық құрал-жабдықтарды сатып алуға; 16,5 млрд-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін берілген.
Бұдан бөлек цифрлық білім беруге көшу үшін де көп қаржы жұмсалған. Тіпті, Дүниежүзілік банктен алынған қарыздың да есебі әлі берілмеген. Шалғай ауылдар мен қаладағы білім деңгейін теңестіру үшін алынған 67,5 миллион АҚШ долларына іске асуға тиіс "Орта білімді жаңғырту" жобасы сол күйі іске аспай қалған көрінеді.
«Мәліметке сәйкес, осы жобаның бірде-бір бағыты бойынша конкурс жарияланған жоқ. Ал компьютерлер мен интернет құралдарын сатып алуға қатысты техникалық тапсырма да әзірленбепті. Соған қарамастан, Қазақстан үш жыл бойы қарызды резервтеу үшін комиссия төлеп келеді. Ол шамамен 160 мың доллар. Себебі білім және ғылым министрлігі тиісті жұмысты бастаған жоқ», - дейді Еспаева.
Айтпақшы, бұл мәселені алдыңғы күні ғана Еспаеваның партияласы Азат ПЕРУАШЕВ айтқан. Білім министрлігі ноутбук пен сымсыз интернет сатып алу үшін алған қарызды екі күн ішінде екі депутаттың қозғағаны тегін болмаса керек. «Нұротандық» министрге «ақжолдық» депутаттар неге бұлай шүйіле қалды екен деген сұрақ туындайды...
Еспаева тексерілуге тиіс Аймағамбетов пен ол басқаратын министрліктің үкіметтен шілдеде ғана мектептерді онлайн сабақтарға қажетті цифрлық технологиялармен қамтамасыз ету үшін 74,2 миллиард теңге сұрағанын айтады.
Ал, Аймағамбетов не дейді? Коронавирусқа байланысты карантин алғаш жарияланғанда-ақ білім-ғылым министрі өзі бастап, мектептердегі интернетке «мұндай интернеттің барынан жоғы жақсы» деп баға берген. Компьютерлердің ескіргенін, іске жарамсыз екенін де өзі айтқан.
«Кең жолақты интернет. Факт бойынша бұл көп мектептерде төмен. Айталық, 10 мбит дейді, барсаң, ондай жылдамдық жоқ. Егер төмен болса мектеп әкімдігі провайдерлерді сотқа беру керек. 4мбит жеткіліксіз. Оның барынан жоғы. Кімді алдап отырмыз? Нүктелер санын көбейту керек. 100 мбит қоюға мүмкіндік бар, 50 мбит қойыңыздар. 2000-2005 жылғы компьтерлер бар, оны «списаниеге» жібермейді, өйткені статистика, есеп бергенге керек. Бұдан былай 5 жылдан аса пайдаланылғандарды компьютер бар деп есептемейік», - деп салған.
Сірә, шілдедегі үкіметтен сұраған 74,2 млрд теңгеге осы компьютерлерді жаңартып, интернетті түзетіп алуды ойлады ма екен. Бірақ, олай дейін десең, министр қашықтан оқуда қиындық болмайтынын оқу жылы басталардан бұрын-ақ айтқан.
«Осы шешімді қабылдамас бұрын (қашықтан оқу. – ред.) сарапшылармен сөйлесіп, пікірлерін тыңдадық. Ата-аналардың да пікірін тыңдап, халықаралық тәжірибені зерделедік. Ең бастысы - бүгінгі күнгі ахуал. Бізге керегі — балалардың, ата-аналардың, педагогтардың денсаулығы, сондықтан осындай шешім қабылдап отырмыз. 1 қыркүйектен бастап 1-11 сынып аралығындағы оқушылар қашықтан оқиды. Оларға барлық тиісті жағдайды жасап беруіміз керек».
Бұдан кейін министр көп балалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 500 мың оқушыға компьютер берілетінін, 24 мұғалімге мектептің компьютерлері таратылатынын, 2 мың мұғалімге интернет қосып беретінін айтқан. Сондай-ақ, IT-компаниялармен IV тоқсаннан бері бірлесе жұмыс істеліп жатқанын, қысқа уақыт ішінде көптеген мәселе шешілетініне де уәде берген.
Мектептің компьютерлері демекші, Аймағамбетов сонау көктемнің басында мектептің жарамды мультимедиялық мүліктерін мұқтаж оқушыларға уақытша бере тұру керек екенін айтқан. Енді, оны мұғалімдерге береміз деп қалыпты. Соған қарағанда, министрдің өзі бар деп есептейтін 5 жылдан аспаған компьютерлері 500 мың оқушыға жетпей қалған сияқты.
Аймағамбетов интернетке қатысты 31 наурыз күні өткен онлайн-брифингте «интернетпен қамтуды жергілікті әкімдіктер қолға алып жатыр», деп мәлімдеген. Тісқаққақ облыс әкімдері жас министрді алдап кетті ме екен, бұдан кейін ол жайында естімейтін болдық.
P.S.: Еспаеваның айтып отырғаны да жөн. Министрдің өзіне хат жолдап, шілдеден бері күтіп, жауап ала алмаған соң, партия деген атымыз бар ғой деді ме екен, партия басшысы бастап, басқасы қостап, «Ақжол» партиясы БҒМ-ды мықтап қолға алған сияқты. Қашықтан білім беруге бөлінген бюджет қаражатының қалай жұмсалғанын тексеріп шығуды сұрап, премьер-министр мен есеп комитетінің басшысына депутаттық сауал жолдапты.
Бәлкім, ақыр бастаған соң, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министріне де хат жолдауы керек пе еді... Қалай дегенде де, мектептен тыс интернетке жауапты ведомство ғой. Оның үстіне, «биыл ел халқының 99,3% кеңжолақты интернет пайдаланатын болады» деп берген уәдесі тағы бар... Жаңа келген министр деп көзге ілмеді ме екен, әйтеуір, «ақжолдықтар» Бағдат МУСИН жайлы ләм-мим демепті.
Ал, Аймағамбетов бұл жолы не деп ақталады? Өзіне дейінгілер ай қарап келгендей сөйлейтін министр кінәні Мусинге аударып жіберер ме екен, қайтер екен?
Әзірге, оқу жылы басталар қарсаңда қос-қостан ұялы телефон сатып алып, оны интертке қоса алмай, пұшайман болған ата-аналардың зарын айтпасақ, парламент сайлауы жақындап келе жатқан тұстағы Еспаева мен Перуашевтің әрекеті үгіт-насихат тұрғысынан өздеріне көмектеседі демесек, бірдеңе шығады дегенге сену қиын...