Ғ.Жақиянов: Билік біздің орнымызға ештеңе шешпеуі керек

Путиннен кейін орыс «көке» болмайды

Malim Админ

  • 12.07.2023

1994-2001 жылдары Семей және Павлодар облыстарын басқарған, Қазақстандағы демократиялық қозғалыстың негізін қалаушы, Назарбаев режимін сынап сотталған Ғалымжан Жақиянов кейінгі кездері   батыл ойларын бүкпесіз айта  бастады. Ол қай кезде де «қоғамдағы наразылық халық пікіріне құлақ аспай, жеке дара қабылдаған шешімдерден басталатынын» ескертеді. 

Жақиянов бүгінгі саяси жүйе, мемлекеттің қазіргі және алдағы бағыты туралы Facebook желісіне жазып жатыр. Кеше саясаткердің «Путинсіз Қазақстан» атты сараптамалық жазбасын назарларыңызға ұсынған  едік. Бүгін сол жазбаның жалғасын бөлісіп отырмыз.   



ПУТИНСІЗ ҚАЗАҚСТАН (2-ші бөлім)

Егеменді Қазақстан қандай болуы керек?

Мақаламның бірінші бөлімінде Путин кеткен соң Қазақстанның нағыз егеменді ел болуына мүмкіндік туады деп айтқанмын. Осы орайда ұлттық егемендік деген ұғымды нақтылап алсақ. Менің қарапайым түсінігімде, егеменді мемлекет – ол өз жолын өзі таңдайтын ел. Қазақстан қандай болуы керек? Бұл жайында біртұтас пікір жоқ және болуы да мүмкін емес. Біреулер бізге жалпы адамзат құндылықтары мен адам құқығы сақталатын дамыған демократиялық мемлекет құру керек дейді. Екіншілері ислам дініне арқа сүйейтін мұсылман ел болуымыз керек деп ойласа, үшіншілері Жошы хан Ұлысынан, тіпті көне заманнан қазақтардың ерекше өз жолы бар деп есептейді. Одан қалса, Совет Одағын аңсайтындар әлі де көп.

Біз әртүрліміз, дүниетанымымыз да әртүрлі. Менің де құндылықтарым мен пікірім бар және олар мені білетіндерге мәлім деп ойлаймын. Бірақ бұл жерде мен оларды басқалар қабылдауы тиіс деп отырған жоқпын. Мәселе тіпті менің не басқа біреулердің пікірінде емес. Мәселе халықтың еркін таңдауына жол ашуда. Бұл процеске сырттағы «ұлы» көршілер мен «көкелер» араласпауы керек. Жаңа, әділетті Қазақстанның қандай болатынын қазір Ақорда кабинеттерінде отырғандар да шешпеуі тиіс. Олардың бар міндеті – халықтың өз еркі мен пікірін білдіруіне жағдай жасау ғана.

Не істемек керек?

Бұл сұраққа әртүрлі жауап болуы мүмкін. Меніңше, бізге ең алдымен жаңа Ата Заң керек. Авторитаризм жүйесіне арнап жазылған, қырық жамау болған қазіргі Конституцияны қайта өзгертудің еш мәні жоқ. Еліміздің Конституциясын жасаудың ең заңды жолы – кезектен тыс Құрылтайды немесе Конституциялық жиналысты шақыру. Жаңа Ата Заңның мәтінін жазу барысында консенсусқа келу қиындаса, 1993 жылғы Конституцияны негіз етсе де жарайды. 30 жыл бойы жинақталған тәжірибе мен сабақтарды ескере отырып, жаңа білімді мамандардың көмегімен оны жетілдіруге болады.

Еліміздің нақ жанашыры болсақ, мемлекет егемендігін бірінші орынға қоюымыз керек. Қоғамдағы қалған проблемалардың бәрі (жемқорлық, әлеуметтік теңсіздік, ана тілміздің тағдыры және т.б.) Қазақстан шынайы егеменді болмаса, шешілмеген түйін болып қалады.

Ақорданың қазіргі «иелеріне» келер болсақ, оларға болашақ ұрпақ алдында үлкен жауапкершілік жүктеліп тұр. Ең бірінші кезекте жауапкершілік президент Қ.Тоқаевтың мойнында. Шынайы егемендікке жету жолымыз ауыр сынақтар, тіпті қантөгіс арқылы өте ме, әлде ізгі құндылықтар жолында ұлт ретінде есейгендігімізді және ауызбіршілігімізді таныта аламыз ба – қазіргі билік басындағыларға тікелей байланысты.

Бәлкім, бұл олардың ең маңызды тарихи миссиясы болар. Путиннен кейін орыс «көке» болмайды, халық енді шетелден жерімізге әскер кіргізіп қойып, қарап отырмайды. Бүгінгі билікті осы қалпында сақтау үшін саяси технологиялар мен көзбояушылық та көмектеспейді. Тарих кітаптарында халықтың алғысына емес, қарғысына лайық болып қалғысы келмесе, өткен қателіктерді қайталамауы керек.

Билік басындағылар ұлттық диалогке дайын екенін көрсетуі керек. Ол үшін қайтадан Ұлттық Кеңес (НСОД) сияқты мәнсіз орындарды құрудың керегі жоқ. Қайталап айтайын, билік біздің орнымызға ештеңе шешпеуі керек, ол тек оңтайлы жағдай жасауға міндетті. Ең алдымен осындай мәселенің бар екенін мойындау және оны шешуге нақты ұмтылысты көрсетуі қажет.

Сондай-ақ саяси қудалауды тоқтатып, тұтқындарды босатып, әділетсіз сотталғандарды ақтап, жат жерге көшуге мәжбүр болғандардың елге оралуына жағдай жасау керек. Сан жағынан бұл шешім халықтың аз бөлігіне байланысты болғанымен, оның азаттыққа және азаматтық қоғамға игі әсері зор боларына сенемін.

P.S. Осыдан 22 жыл бұрын «Таңдау жасайтын уақыт» атты мақалам шыққан. Онда еліміздегі демократия және әкімдерді сайлау туралы мәселелер көтерілген болатын. Артынан мақаладағы кейбір идеялар 2001 жылы құрылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ДВК) қозғалысының Үндеуінде орын тапты. Сондағы біздің саяси реформаларды жүргізу жөніндегі шақыруымызға президент Н. Назарбаев құлақ аспады, керісінше, қуғын-сүргін саясатына кірісті. Кезінде сол идеялар неліктен жүзеге аспады дегенге нақты жауап жоқ. Мүмкін бізге ұйымшылдық пен ауызбірлік жетіспеді, немесе элита билігі мен ақшасынан айырылғысы келмеді. Мүмкін қоғамның саясатқа немқұрайлықпен қарағаны не басқа да себептер болған шығар. Енді алдымызда тағы да таңдау тұр. Біз бұл тарихи мүмкіндікті болашақ ұрпағымыз үшін пайдалануымыз керек.

Байланысты жаналықтар

Қазақстан бидайы Қытайға экспортталады

07.10.2024

Референдумда халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады

07.10.2024

«Табысты болыңдар, бақытты болыңдар». Назарбаев референдумда дауыс берді

06.10.2024

Референдум-2024: Президент дауыс берді

06.10.2024

Шекарадан 70 тоннаға жуық күріш кері қайтарылды

05.10.2024

Қазақстан құрамасы Қаржылық қауіпсіздік Халықаралық олимпиасында 3 орын алды

05.10.2024
MalimBlocks
Қазақстан бидайы Қытайға экспортталады

Арпа және жемшөп дақылдары – бүкіл Қытай бойынша экспортталады

Референдумда халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады

Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 млн 284 мың 487

«Табысты болыңдар, бақытты болыңдар». Назарбаев референдумда дауыс берді

Ол «Астана Опера» театрының ғимаратында таңдау жасады

Референдум-2024: Президент дауыс берді

Одан соң журналистерге брифинг өткізді

Шекарадан 70 тоннаға жуық күріш кері қайтарылды

Заңсыз өнім Үндістаннан жеткізілген

Қазақстан құрамасы Қаржылық қауіпсіздік Халықаралық олимпиасында 3 орын алды

Халықаралық олимпиадаға 36 ел өкілдері қатысқан