КНБ тәркілеген Қуанышалиннің кітабы жарыққа шықты
Оппозициялық саясаткер Жасарал ҚУАНЫШАЛИННІҢ «Мен, ұлтшыл - демократ» атты кітабы жарық көрді. Алматыда тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл туралы МӘЛІМ КЗ сайты хабарлайды.
Кітаптың таныстырылымына мәдениеттанушы Мұрат ӘУЕЗОВ, жазушы Талғат АЙТБАЙ және Жарылқап ҚАЛЫБАЙ, Бигелді ҒАБДУЛЛИН сынды журналситер болды. Жаңа кітапқа автордың 1983-1991 жылдары жазылған мақалалары, сұхбаттары мен ғылыми еңбектері енген. Оқырман қауым 1991 жылғы Ресейдегі «Тамыз бүлігі» мен 1991 жылғы «Орал оқиғасы» жайлы саяси материалдарды да оқи алады.
«Бұл кітапты былтыр 70 жылдығыма шығармақшы болғам. Алайда баспадан ҰҚК-нің адамдары тәркілеп алып кетті. Содан кейін бір ниеттес азамат Бішкекке барып сол жақтан шығармақшы болған еді. Оны шекарадан ұстап алды. Шетелге шықпайтындай қылды. Биыл амалын тауып шығардық. Бұл кітапта бүгінгі режим туралы бірде-бір материал жоқ. Кітаптың мазмұнына қарап жатқан ешкім жоқ. Бар мақсаттары Қуанышалиннің кітабын шығармау», - деді саясаткер МӘЛІМ КЗ сайтының тілшісіне.
Екі тілде шыққан кітап 540 беттен тұрады. Баспадан 250 дана болып басылып шығыпты. Саясаткер 30 жылдан бері жиналып қалған мұрағатындағы материалдарды кітапқа айналдыра бермек екен.