Оңдасын Оразалин, сізге айтамын, «Хюрем» ханым тыңдаңыз!
Редакция поштасына төмендегі хат келіп түсіпті, үтір-нүктесін өзгертпей жарияладық.
Құрметті редакция. Біздің Ақтөбеде әкімді жамандау күннен күнге көбейіп келеді. Осының себебін айтып, облыс әкімі Оңдасын Оразалинге бірнеше хат жаздым. Әкімнен жауап болмаған соң, жазғанымды сіздерге жібердім. Жариялсаңыздар, әкім оқып ойланар деген үміт.
Құрметті Оңдасын Сейілұлы, мен сізге дос, туыс, құда-жекжат немесе командаңыздың қасында жүрген жан емеспін. Облыстағы жұмысыңызды көріп отырмын. Қолдайтын да, қолдамайтын да жағдайлар баршылық. Халықтың ортасында жүрген соң сізге қатысты ел ішіндегі сөз бен ниетті білсе екен деп өзіңізге бірнеше рет хат жаздым. Бірақ қасыңыздағы көмекшілер ол хаттарды сізге кіргізбеген сияқты. Еш жауап та жазбады. Телефонға алдық деп те хабарласпады. Сондықтан, БАҚ арқылы осылайша дат айтуға бел будым.
Құрметті әкім, соңғы кездері әлеуметтік желіде «Оңдасын Оразалин қызметінен кетсін!» деген жазбалар көбейіп кетті. Көшеде үш адамның басы қосыла қалса, осы сөздің қайдан шыққаны талқыланып жүр. Біреулер айтады: Оразалин бұрынғы әкімдей блогерлер мен журналистерге, мақтау мен мадақ айтқыштарға сый-сияпат жасамайды, мұның бәрі содан дейді.
Екіншілер мақтайды: бұрын тендерді оңтүстік тумалары ғана алушы еді, бұл әкім тендер таразысына таласпайды, жергілікті кәсіпкерлердің көздері ашылып қалды дейді.
Мен осы екі пайымға белгілі бір деңгейде қосылам. Бірақ жергілікті мемлекеттік қызметтегі ырың-жырыңнан, жасырын интригадан хабардар болғандықтан Сізді көзіңізше мақтағандай болып, шындығында итеріп құлатып жіберу үшін жар басына жетектеп алып бара жатқан «алты қарға» туралы айтсам деймін. Иә, сіз білерсіз, білмессіз, белгілі ортада бұларды «алты қарға» дейді. Өйткені, бұл кісілер қартайса да мемлекет бюджетін сорып отыра беретін майлы жіліктің басынан кетпейді. Сосын, әрқашан жемтік іздеп, бірін-біріне айдап салып отырады. Сіз сол «алты қарғаны» қолыңызда тұз көзірдей ұстап отырсыз (БАҚ осы хатымды жариялап жатса, оларды сот ісіне тартпас үшін тұспалдап айтамын. Осыған дейін өзіңізге жазған хатымда аты-жөндері, іс-әрекеттері ашық жазылған). Тұз көзірдей көретініңіз, бәлкім олардың мемлекеттік қызметте тәжірибесі зор, халықтың алдында беделді, ел сөзін тыңдайды деп ойлайтын шығарсыз. Бұлай ойласаңыз, қатты қателесесіз.
Мәселен, қаншама басқарушы қызметке барса да, түрлі деңгейдегі депутат болса да, сол баяғы лениншіл комсомолдық жалаң белсенділігінен арыла алмаған зейнеткер С. сізге қарсы жасырын жорықты бастап келеді. Ақтөбеде С. ханым мұндай интригаға келгенде Сүлеймен патшаның қулығы бір басына жететін Хюрем қатыны сияқты екенін сізден басқасының бәрі біледі.
Бір мысал айтайын. Кезінде Бердібек Машбекұлы өңірге әкім боп келгенде бұл кісі басқа өңірден келген жаңа әкімге айтқанын істеткісі келді. «Шаңыраққа қара, бұл жақта менің сөзім жүреді» дегенге сап көрді. Бірақ Б.Сапарбаев әйел екен, зейнет жасына жетіп қалған екен деген жоқ, бірден былықтарын әшкере қылып, қызметінен кетуге шарт қойды. Содан кейін-ақ, С-ның қалай құбылғанын әкімдіктегінің бәрі көрді. 24 сағат, 7 күн жаңылмастан «Бердібек Машбекұлы жасасын!» деп шапқылап жүрді.
Б.Сапарбаев Нұр-Сұлтанға ауысқанда Ақтөбе аэропортында шығарып салу концертін ұйымдастырған да осы С. еді. Сонда Бердібек Сапарбаевтың көзінше көзіне жас алып жылап қалып, ол ұшып кеткен соң, билеп қуанғанын да жұрт көрді.
Осылайша мың құбылып тұратын «Хюрем» ханым сізге күн сайын мақтау айтқанымен, атақты жасырын тобы арқылы сіздің имиджіңізді түсіруге аянбай жұмыстанып жүр. Оның бұл тобы негізінен өзі сияқты зейнеткерлер. Кезінде әртүрлі қызметтерде болған. Сол қызметтерде жүріп, бірімен бірі жыланның ордасындай боп араласып кеткен. Бүгінде де әрқайсысы қоғамдық болғанымен бюджеттен күн көретін ұйымдарды басқарып отыр.
«Хюрем» ханымның оң қолы семіз қозыдай әрі бағлан, әрі бай адам. Ақшаға ғана бай емес, түрлі шатпағы, жеңіл жүрісті әйелдерге жорығымен елге жаман аты шыққан. Жалғанды жалпағынан басуға келгенде өзінен оза туған баласы екеуі туралы «Ақтөбедегі драма шоу» атты кітап жазуға болады.
Баласының сын айтқан жергілікті журналистің қызын зорлағаны, ол қылмысты дөкей қызметтегі әкесінің жауып тастағаны, баласының мал бағып жүрген малшысын суицидке дейін жеткізіп, асылып өлуіне себептескені, бұл қылмысты әкесінің ақшамен жауып кеткені, баласының мемлекеттік қызметте жүріп сыбайлас жемқорлыққа ілінгені, оны да әкесінің құтқарып алғаны, құзырлы орындардың баласына іздеу жариялағаны, ол іздеудің ізін әкесі өшіріп тастағаны расымен де бір кітапқа жүк емес пе?!
Құрметті Оңдасын Сейілұлы, осындай шатпағы бар бай бағланның баласы бүгінде Фейсбуктегі әр постына, әр коменттің астына «Оңдасын Оразалин қызметінен кетсін» деп жар салып жүріп. Тіпті, сол жазбаларына Қазақстан президентін, Бас прокурорды, түрлі министрлерді, астанадағы нән кісілерді тегтеп қояды. Өзі фермерлердің атынан сөз сөйлейді. Бір қызығы, ол фермерлер ассоциациясының мүшесі емес және ешқашан фермерлермен дос болмаған.
Хюрем ханымның әкім Оразалинді күллі Ақтөбеге жек көрінішті ету жоспарын өрлетуге және бұл жұмыстардың біліктілігін арттыруға Н., осы «қоғамдық бірлестіктің» салалық қызметкерлерінің білімі мен біліктілігін көтеруге Р., «атамекенімізде біздің ғана сөзіміз жүруі тиіс» дейтін, осы жобаларға барынша қолдау білдіруші А., елге деген еңбегімен еш көзге түспесе де депутаттық мандаттан айырылғысы келмейтін, белсенді жастарға жол беруді ойламайтын Т. есімді, сосын, бұрынғы облыс әкімін орнынан «ұшырып» жіберген, дөкей компанияны басқарып тұрған ағасының арқасында тасы өрге тартқан Р. есімді жандар бар.
Бұл топтың Сізді жек көрінішті ету әрекеттері бұрын Ақтөбе облысын басқарған әкімнің осы өңірге қайта келумен де үдеп тұр. Егер есіңізде болса, бұрынғы әкімге қарсы осы топтың мүшелері кезінде республика деңгейінде шу шығарып, оны жаман атты жасап еді. Қазір сол әдеттеріне басып, Сіз туралы теріс пікір таратып жүр.
Әрине, жергілікті халық сіздің қарапаймдылғыңызды, пиар мен мақтау-мадаққа жақындамайтыныңызды жақсы бағалайды. Бірақ қасыңыздағы адамдар таратып жүрген қаңқу сөзді тыймасаңыз, тамшы судай тас жарады. Ол кезде Сіз ешкімге ақтала алмаймсыз. Елге істеп жатқан қызметіңіз еленбей, өсек-сөздің астында қалып, жеккөрінішті боласыз. Сізге бар абыройыңыздан осылайша айырылған керек пе?
Егер осы жолдарды оқып отырған болсаңыз, көмекшілеріңізден бұған дейін жіберген хаттарымды алып оқысаңыз. Сол жерде аты-жөнім бәрі тұр.
Сізден маған ештеңе қажет емес. Данышпан Абайға сүйенсем, әлгілердің қылықтарын көргенде «қайнайды қаның, ашиды жаның» екен. Сол себепті ғана жазып отырмын. Амандығыңызды тілеймін!