Орталық Азия мемлекет басшыларының басқосуы қандай нәтиже береді?

Этникалық, діни, тіпті экономикалық сипаттағы қақтығыстардың алдын алу мүмкіндігі қалыптасады

Олжас Қасым

  • 08.08.2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіне «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласы жарияланды. Онда Президент бір құрлықтағы бес мемлекет арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынас­тар нақты мазмұнға ие болғанына айрықша тоқталды. Бұл мәселелер ертең Астанада өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI консультативтік кездесуінің де негізгі тақырыбы. Ауқымды жиында мемлекеттердің интеграциясына қатысты қандай шешімдер шығады, жаһандық үдерістерді ескере отырып тараптардың саяси, экономикалық, әлеуметтік қадамы қалай өрбиді? Malim.kz осыған орай сарапшы мамандардың пікір-пайымын білді.   

Амангелді Құрметұлы – әскери сарапшы

Мүдделер қақтығысын болдырмайтын саясат керек

- Жалпы, тек Орталық Азия төңірегінде ғана емес қазір әлемдегі геосаяси ахуал құбылып тұрғаны рас. Біздің өңірде дәл әскери-саяси тұрғыда күрделі бірнеше аймақ бар. Ауғанстан жақтан төнетін терроризм қаупі сейілген жоқ. Иран мен Израиль арасындағы  шиеленіс  соғысқа ұласса, жағдай тіптен күрделенеді. Босқындар, заңсыз қару саудасы, есірткі тасымалдау, экстремистік идеологияның экспорты тәрізді қатер деңгейі артады. Сондықтан болар,

Президент өңірлік қауіпсіздік жүйесін құрудың маңызды екенін атады.

Меніңше, мемлекеттердің қорғаныс саясаты мен қауіпсіздік саласын бекемдеу үшін алдымен мүдделер қақтығысын болдырмайтын саясат керек. Екіншіден, аймақтағы түйіні шешілмеген мәселелерді ортақ мәмілемен шешу қажет. Сонда этникалық, діни, тіпті экономикалық сипаттағы қақтығыстардың алдын алу мүмкіндігі қалыптасады. Ал жалпы қорғаныс саясаты халықаралық мәселелерге аймақ мемлекеттерінің ортақ  ұстанымынан бастап, бірлескен әскери жаттығулар, барлау деректерін алмасу, төтенше жағдайда бірлесе әрекет ету, әскери-техникалық ынтымақтастықты жетілдіру тәрізді сан қырлы факторларға байланысты жүргізіледі. Мұндай тығыз байланыстардың алғышарттары қалыптасып та жатыр. Айталық, шілдеде «Бірлестік-2024» деген әскери жаттығу болды. Оған Орталық Азия елдері мен Әзербайжан әскерлері қатысты. Мұндай іс-шаралар жалғаса береді деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде өңірлік қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді. Бірақ, бұл жүйені бірден әскери одақ ретінде қабылдамаған дұрыс. Қауіпсіздік дейтін ұғымның сан қырлы екенін ескерсек, Президент айтқан жүйенің де сыр-сипаты біз ойлағандай болмауы мүмкін. Сондықтан, Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуінде қауіпсіздікті сақатуға қызмет ететін көп мәселе талқыланатын шығар. Азық-түлік, су, энергетика, экологиялық қауіпсіздіктен бастап идеологияға дейін сөз болады деп ойлаймын. Тікелей әскери-техникалық көмек, әскери одақ тәрізді тақырыптар көтеріле қоймайды.

Жақсыбек Жиенәлиев – Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Экономикалық, стратегиялық, саяси және мәдени ықпалдастық тереңдеп, кеңейеді

- Орталық Азия мемлекеттеріне интеграция­лық жобаларды бірлесе пайдалану аса маңызды. Бұған дейін Орталық Азия мемлекет басшылары Астанада, Ташкентте, Түрікменбашыда, Шолпан-Атада, Душанбеде бес консультативтік кездесу өткізген. Бұл кездесулердің нәтижесінде экономикалық, стратегиялық, саяси және мәдени ықпалдастық тереңдеп, кеңейе түсті.

Айталық, бірінші консультативтік кездесу 2018 жылы елордада өтті. Алғашқы жиында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы байланыстарды күшейту мәселесі талқыланған болатын. 2019 жылы Ташкенттегі кездесуде мемлекет басшылары Орталық Азия елдерінің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының тұрақты кездесуін өткізу қажеттігі туралы ұсыныс білдірді. 2021 жылы Түрікменбашы қаласындағы үшінші саммитте Консультативтік кездесулердің символикасы бекітілді. Парламентаралық форум мен Жастар форумын шақыру, Іскерлік кеңес құру туралы бастама көтерілді. 2022 жылы Шолпан-Атада өткен төртінші кездесудің басты саяси қорытындысы ретінде Орталық Азияны дамыту үшін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы бесжақты шартқа қол қойылды.

2023 жылы Душанбедегі кездесуде Консультативтік кездесудің форматын институттандыру және Ұлттық үйлестірушілер кеңесін құру туралы шешім қабылдады. Астанадағы кезекті консультативтік кездесуде әлемдегі геосаяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты Орталық Азия мемлекеттері өзара ықпалдастық мәселесіне пәрмен береді деп ойлаймын.

Сапарбай Жобаев – экономист

Мемлекет басшыларының консультативтік кеңесі аса маңызды рөл атқарады

- Біз қазір экономикалық жағынан алдыңғы қатардағы елдер санатындамыз. Орта Азияда жалпы ішкі өнімнің 40-50 пайызын Қазақстанның өзі беріп отыр. Мемлекет қазынасына құйылатын инвестициялардың 70-80 пайызы бізге тиесілі. Өндірісіміз әлеуетті. Сондықтан, өңірлік интеграцияны Өзбекстан мен Қазақстан екеуі драйвер болып бастап жатыр. Осы ретте Қытаймен, Ресеймен Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде, Түркия мен Түркі одағы арасындағы байланыстарда Орта Азиядағы 5 республиканың  интеграциясын қамтып, оны одан да ары дамытуға үлесін қосады. Себебі, өз қазанымызда қайнай бермей, жан жақтағы алпауыт мемлекеттермен де әріптестік орнатуымыз керек. Бұл жерде бірқатар шешілмеген мәселелер бар. Мәселен, Өзбекстанмен сауданы 4 миллиардтан 10 миллиардқа жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз.

Басқа да республикалармен, Түркіменстанмен солтүстік, оңтүстік теміржолмен Иранға шықпақшымыз. Ауғанстан арқылы әрі қарай Үндістанға жол тартамыз. Қырғызстанмен Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде, Тәжікстанмен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясында орнатқан ынтымақтастық нәтиже беруде. Бірақ, дәл қазір Қазақстаннан басқа республикалардың экономикалық жағдайы сәл қиындау. Олардағы жалпы ішкі өнім аз. Мәселен, Қырғызстан, Тәжікстанды алсақ, бұл көрсеткіш 2 мың АҚШ долларына зорға жетеді. Ал Өзбекстан 2 жарым мың, Түркіменстан 3 жарым мың АҚШ доллары шамасында. Қазақстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 12-13 мың АҚШ долларын құрайды. Осы айырмашылықтар біздің интеграциямызға сәл кедергі жасайды. Мәселен, Өзбекстанға  биылғы жарты жылда 3 миллиард теңгенің тауарын экспорттадық. Олардың бізге жасаған  саудасы бар болғаны – 1 миллиард. Осы мәселелерді теңестіру тұрғысынан Мемлекет басшыларының консультативтік кеңесі аса маңызды рөл атқарады. Энергетика, су мәселесі өте күрделі болып тұр. Көлік жүйелерін, логистиканы дамыту өте өзекті. Біз ашық теңізге шыға алмайтын мемлекетпіз. Бұл тұрғыда бізге Үндістанға, Парсы жағына, Қаратеңізге ме, Қытай теңізіне шығу керек. Осы мәселелердің шешілу жағы күрделі болып тұр. Консультативтік кеңесте осындай экономикалық мәселелер қаралып,оларды шешу, жүзеге асыру жайы  талқыланады.

Байланысты жаналықтар

Астанада автобус отқа оранды

21.11.2024

Астана мен Алматыда бет-әлпетті танитын бейнекамералар іске қосылды

21.11.2024

Астана 4 бала көз жұмған өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды

17.11.2024

Астанада екі қабатты үйде өрт шығып, 4 бала көз жұмды

17.11.2024

Астанада екі қабатты үйде өрт шығып, 4 бала көз жұмды

17.11.2024

Сабындыдағы жарылыс: зардап шеккендердің жағдайы айтылды

17.11.2024
MalimBlocks
Астанада автобус отқа оранды

Өрттің себебі анықталуда

Астана мен Алматыда бет-әлпетті танитын бейнекамералар іске қосылды

Іздеуде жүрген адамдарды тануға, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді

Астана 4 бала көз жұмған өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды

Үй шатыры өрнетіп, шатыр құлаған

Астанада екі қабатты үйде өрт шығып, 4 бала көз жұмды

Өрт 500 шаршы метр жерді шарпыған

Астанада екі қабатты үйде өрт шығып, 4 бала көз жұмды

Өрт 500 шаршы метр жерді шарпыған

Сабындыдағы жарылыс: зардап шеккендердің жағдайы айтылды

Ал жарылыстан үш адам қаза тапқан