Президент және оның реформалары 

Олжас Қасым

  • 05.04.2023

Әлемдік саясат тарихында өзінен бұрынғылардан қалған жүйені реформалауға тырысқан саясаткерлер баршылық. Олардың кейбірі оң өзгерістер әкеліп, игі істерімен ұрпақ жадында қалса, басқалары үшін, өкінішке қарай, бұл тым ауыр жүк болып шықты.

Біз бүгін бүкіл адамзат тарихын парақтамай-ақ, осы жуық арада болған оқиғаларды мысалға келтірмекпіз. Дәлірек айтқанда, біздің менталитетімізге жақын Қытай және Кеңес Одағы билігін алып қарастырайық.

Ұлы билеуші – Мао Цзэдун қайтыс болғаннан кейін Қытайда партияішілік күрес басталды. Онда Дэн Сяопин жеңімпаз атанды. Ол миллиондаған қарапайым қытайлықтардың көз алдында жарты Құдайға айналған бұрынғы көсемнің жеке басына табынушылықты жоюмен айналыспады, бірақ жүйені реформалау жолдарын іздеді. Ал бейнелі түрде айтқанда, өзінен бұрынғы волюнтаристік тәжірибеден кейін толық құлдырауға ұшыраған Қытай болмысын қалпына келтіруді сабырмен қолға алды. Темірдей қатаң тәртіп орнатуға жеткілікті себептер болса да, ол бәрін артық әрекетсіз іске асыруға тырысты. Рас, 1989 жылдың жазында Тяньаньмэнь алаңындағы студенттер ереуілі Қытайды жаңа сілкіністердің ұйығына үйіріп әкету қаупі төнгенде, ол бір рет қатаң шара қолдануға мәжбүр болды. Нәтижесі баршаға аян – бүгінгі таңда, реформалар басталғаннан бергі төрт онжылдық ішінде Қытай әлемдегі екінші супердержаваға айналды. ХХІ ғасыр бойы Қытай үстемдік құратынын аңғару қиын емес.

Енді Кеңестік реформалар тәжірибесіне тоқталайық. "Жариялылық"," қайта құру " – бұл сөздер ХХ ғасырдың аяғында әлем бойынша аса танымал болды, ал осы ұғымдарды енгізген адам ретінде Жер планетасындағы миллиондаған адам Горбачевты пір тұтты. Ал, өз Отанында көп сыналған саясаткер болды. Өйткені оның реформаларының нәтижесі Кеңес Одағының күйреуіне әкелді және одан кейін бәрінің астаң-кестеңі шықты.

Бір сөзбен айтқанда, реформатор-саясаткер болу оңай емес және бұл жолға түскен жанның болашағы өте бұлыңғыр. Мұның бәрі көптеген факторларға байланысты болғанымен, барлық жауапкершілік әрқашан, ең алдымен, түбегейлі өзгерістер жасауға бел буған адамға жүктеледі.

Бұл тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси тағдыры екіұдай және оны болжау қиын болып көрінді. Бірақ кез-келген жағдайда оның нәтижесі Қазақстанның болашағы үшін түбегейлі маңызға ие болатынына күмән жоқ.

Бір жағынан, президент бола отырып, бұрынғы биліктің таңдаған адамы ретінде, ол логикалық тұрғыдан сабақтастықты сақтап, бұрыннан қалыптасқан бағытты ұстануы керек еді. Алайда, бұл тәсілдің сәтсіздікке ұшырайтыны тіпті саясаттан алыс адамға да түсінікті болды. Басқасын айтпағанның өзінде, Қазақстандағы авторитарлық даму үлгісінің ресурсы өзінің бар әлеуетін сарқып бітірген еді. Сонымен қатар, екі шешім қабылдау орталығы, яғни қос билік болғандықтан, мемлекеттің жағдайы күрделене түсті. Мұндай жағдай ұзаққа созылмайтыны түсінікті еді, 2022 жылдың Қаңтар оқиғасы басталып, іс жүзінде билік ауысты.

Екінші жағынан, Қаңтар оқиғасынан кейін, асу бермес өткелден өтіп кеткен Қ.-Ж. Тоқаевқа саясаткер ретінде түбегейлі саяси реформалар бастаудан басқа жол қалмады. Бұл тәсіл - тарихи заңдылық қана емес, ол біздің қоғамымыздағы алдыңғы кезеңдегі қателіктердің кесірінен орнаған терең жүйелік дағдарыстың нәтижесі. Сондықтан қайткен күнде де саяси реформалар қажет болды.

Барлық реформалар қоғамдық келісім негізінде және бүкіл халықтың мүддесі үшін жүзеге асырылуы керек деген ғибратты сөз бар. Негізінде, Президент Қ.Ж. Тоқаевтың реформалары осы үлгіге сәйкес келеді, өйткені қоғам да, азаматтар да өзгерісті ұзақ уақыт күтті. Алайда, мынадай қарама-қайшылық бар - адамдар ә дегеннен нәтижесі көрінбесе, кез-келген реформаны оң қабылдай бермейді. Қоғамдағы көптеген адамдардың президент Қ.-Ж. Тоқаевтың идеялары мен оларды жүзеге асырудың практикалық қадамдарына күдікпен қарайтыны осыдан. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, халықтың қолдауынсыз жүргізілген реформалар сәтсіздікке ұшырайтынын атап айтқан жөн.

Саяси қызметте мол тәжірибе жинақтаған адам ретінде Қ.-Ж. Тоқаев 2019 жылы ҚР Президенттігіне үміткер ретіндегі сайлауалды бағдарламасында өзінің жалпы саяси бағытының негізгі түйінін былай тұжырымдады: "Қоғам өмірінің барлық салаларында жаңару қабілетіне, адамдардың игілігі үшін жасампаз өзгерістерді жүзеге асыруға және Қазақстанның әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің қатарына кіруге деген ұмтылысына негізделген прогресс".

Біраз уақыттан кейін, президент ретінде қызметіне кірісіп, ол бұл ережені кеңейтті және нақтылады: "Мен үшін Президент ретінде ең маңыздысы экономикалық дамудың жалпы көрсеткіштері емес, барша азаматтарымыздың нақты әл-ауқаты. Сондықтан стратегиялық мәселелер бойынша шешім қабылдау кезінде халықтың көпшілігінің ұстанымы сөзсіз ескерілетін болады. Біздің мемлекеттік биліктің формуласы: күшті, өкілетті Президент - ықпалды, қабілетті Парламент - халыққа есеп беретін Үкімет. Дәл осындай саяси жүйе мемлекетіміздің күрделі геосаяси жағдайлар кезіндегі қажеттіліктеріне барынша толық сәйкес келеді, алдымызда тұрған стратегиялық міндеттерді орындауға ықпал етеді. Сонымен бірге қоғамның саяси трансформация процесі жалғасады. Саяси қондырма терең экономикалық өзгерістерге сәйкес келуі керек, әйтпесе реформалардың тежелуі мүмкін. Әлемдік тәжірибе осыны көрсетіп отыр".

Қазақстан өзінің саяси тағдырының шешуші сәтін бастан кешуде және мемлекет басшысының ұсынуымен біздің қоғам алдағы онжылдықтарда оның болашағын айқындайтын маңызды реформаларға кірісті. Бұл жай ғана шабыттандыратын ұрандар немесе басқадай мәлімдемелер емес, мемлекет пен қоғамның түбегейлі және жан-жақты қайта құрылуын, жұмыс істеу тәртібіндегі түбегейлі өзгерістерді көздейтін көзқарас.

Әлем тарихында қандай да бір тарихи кейіпкердің реформатордың ауыр жүгін көтергені жайлы мысалдар көп. Француз тарихының әйгілі қайраткері кардинал Ришелье: «Адам не істесе де, қоғам оған ешқашан әділ болмайды. Өз еліне лайықты қызмет еткен ұлы адам өлім жазасына кесілген қылмыскерге ұқсайды. Жалғыз айырмашылық - соңғысы күнәлары үшін, ал біріншісі - ізгілігі үшін жазаланады», - деп жазған.

Осы дәйексөз тарихтың Президент Қ.-Ж. Тоқаевқа жүктеген жауапкершілік дәрежесін және оның жеке таңдауының күрделілігін дәл сипаттайды. Бірақ енді артқа шегінер жол жоқ. Ол жүргізіп отырған саяси реформалардың өзегі - авторитарлық режимнен демократиялық режимге көшу. Алайда, бұл өте күрделі, қарама–қайшылықтарға толы процесс екенін түсіну керек, туындаған мәселелерді шешу оңай болмайды. Ұзақ уақыт бойы тамыры тереңге кеткен әлеуметтік проблемалар, былайша айтқанда, топырақтың астынан бой көтеріп, қазіргі саяси өмірге әсер ете бастады. Оларға қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі күрделі жағдайға байланысты ушығып келе жатқан дағдарыстың салдары қосылды. Осы факторлардың барлығы бір-бірімен ұштаса келе қоғамның қызуын көтеріп, өткен шақ пен осы шақ қайта-қайта тайталасқа түсуде. Қазақстанның болашағы туралы әртүрлі ұстанымдар мен көзқарастар, идеялар өткір және ашық түрде қарама-қайшылыққа ұшырайды.

Мемлекет басшысы бірнеше ірі реформаларды жүзеге асырып, халықтың әлеуетін көтеруге арналған. Жарияланған жолдаулар, саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туғаны айқын. Қаңтар қасіреті кезіндегі тәртіпсіздіктер де елге түбегейлі реформа қажет екенін аңғартты. Содан да болар, Қазақстанның саяси аренасында «үлкен сілкініс» болды.  Мұның барлығы да  халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру мақсатында жасалып жатқан қадам екені сөзсіз.

Ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Президенттің бастамасымен Ата заңға бірқатар өзгерту енгізілді. Жай енгізіліп қана қоймай, конституцияға енгізілетін өзгерістер халықтың талқысына ұсынылып, кейіннен референдум өткізілді. Бұл – Қазақстанның саяси аренасындағы айтулы оқиғалардың бірі ретінде есте қалды. Елімізде референдум соңғы рет 1995 жылы өтіп, сол кезде қолданыстағы Конституция бекітілген еді.

Аса маңыз беріп айттарлығы, Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік республикаға көшті. Мемлекет басшысы 16 наурыздағы Жолдауында бұған дейін елімізде суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасқанын атап өтіп, бұдан былай Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгертіп, Парламенттің рөлін күшейту қажеттігін айтқан болатын.  Осылайша, еліміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алды. Сонымен қатар президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынған болатын. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бүгінде Мемлекет басшысы ешқандай партияға мүше емес. Мұндай норманың енгізілуі саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайтыны анық.

Президент бастамасымен жүзеге асырылған  маңызды реформаның бірі -  елімізде жаңадан 3 облыстың құрылуы. Бірнеше жыл еңсесін тіктей алмай келген  Семей жерінде Абай облысы бой көтерді.  Сондай-ақ, бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысы жасақталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Алматы облысының да мәселесін көтеріп,  оны  екіге бөлуді ұсынған-ды.    Осылайша, Жетісу облысы да еліміздің картасында пайда болды.   Президент Қ.Тоқаев ірі мегаполистерді одан ары дамытуды ұдайы назарда ұстайды.   Алматы, Шымкент қалалары сияқты Астанаға да айрықша қолдау қажеттігін және оны дер кезінде көрсетуге көңіл бөліп келеді.   Айталық, елорданың қарқынды экономикалық дамуы аса өзекті мәселе.   Ол үшін арнайы экономикалық аймақтарды дамыту жұмысын қайта қарап, жандандыруды тапсырғаны мәлім.    Нақтырақ айтқанда, өңдеу өнеркәсібін, IT секторды өркендетіп, №1индустриалды паркті айрықша қамқорлыққа алу қажеттігін жеткізген болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы айда  Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті арнайы қабылдады. Президент әкіммен бірге   елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде талқылады. Алдағы уақытқа жоспар құрылды.    

Атап айтсақ,  қала тіршілігін қамтамасыз ету жүйесінің нысандары, ССС-3, газ жылу станциялары, ЖЭО-3, т.б. мектеп, медициналық орталық, жеңілдетілген қолжетімді тұрғын үй секілді әлеуметтік нысандар құрылысының барысы, сондай-ақ апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерді күреу, тұрғын үй алаптарын дамыту, үлестік құрылыс нысандарын аяқтау, қалаға газ тарту және абаттандыру жұмыстары жөнінде талқыға салынды. 

Астанада Президент тапсырмасына сай бірнеше атаулы жұмыс іске асуда.   Мысалы, биыл 6,5 мың әлеуметтік пәтер салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 ауысыммен оқитын 90 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 24 мектептің жобасы жасалып жатыр. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына инвестиция тарту шаралары туралы мәлімет берілді. Елордаға құйылған инвестиция көлемі бірінші тоқсанда шамамен 200 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 пайыз көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы одан әрі дамыту, сумен және жылумен қамтамасыз ету нысандарының құрылысын тез арада аяқтау, сондай-ақ елорда тұрғындарының өзекті мәселелерін шешу жөнінде бірқатар мәселені жіті назарда ұстайтынын айтады. Себебі, ірі мегаполис халқының жайлы да сапалы өмір сүруі үшін осы проблемалар жедел түрде шешімін табуға тиіс. 

Президент Тоқаевтың өзгерістерді бірқалыпты, эволюциялық жолмен жасауға деген ұмтылысы - қоғамның барлық негізгі әлеуметтік топтарына, басты саяси күштерге дағдарыс жағдайынан, қиындықтардан бірлесіп шығу қажеттігін меңзейді.

 19 наурызда өткен сайлауды шартты түрде авторитаризмнен демократияға өту кезеңінің аяқталуы деп санауға болады. Қазақстан өзіне тән барлық қарама-қайшылықтар мен әлеуметтік қақтығыстарға қарамастан демократиялық даму жолын жалғастырды. Саяси күштер қайта топтастырылды. Ел дамуының жаңа кезеңі басталды.  

Әділетті «Жаңа Қазақстанның» тағдыры қалай өрбісе де, саяси дәуірлер тоғысындағы қиын жағдайда елдің ұлттық мүддесін бірінші орынға қоя білген адамға құрмет көрсетілуі тиіс. Қандай да бір ниетке, шешімге, әрекетке әртүрлі қырынан қарауға болады, бірақ жалпы жағдайды бағамдай отырып, Президент Қасым-Жомарт  Тоқаевтың қысқа мерзімде өткеннің ауыр жүгін сілкіп тастап, мемлекет пен қоғамды жаңа межеге бағыттай алғанын мойындамауға болмайды. Ең бастысы - осы.

 

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Мұсаев: Трамп КСРО агенті

20.02.2025

Тоқаев: Еңбек қауіпсіздігі қатаң бақылауда болуы тиіс

20.02.2025

Трамп Американың Украинаға берген қаржысының есебін сұрай бастады

20.02.2025

Трамп Зеленскийді «диктатор» деп атады

20.02.2025

Америка шетелдік қылмыстық ұйымдарды қудалауды бастады

20.02.2025

Олжас Бектенов әкімдер мен министрлерге жаңа міндет қойды

20.02.2025
MalimBlocks
Мұсаев: Трамп КСРО агенті

Тоқаев: Еңбек қауіпсіздігі қатаң бақылауда болуы тиіс

Трамп Американың Украинаға берген қаржысының есебін сұрай бастады

Трамп Зеленскийді «диктатор» деп атады

Америка шетелдік қылмыстық ұйымдарды қудалауды бастады

Олжас Бектенов әкімдер мен министрлерге жаңа міндет қойды