Қапшағай қаласына Қонаев есімі берілді
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Алматы облысының Қапшағай қаласы Қонаев қаласы деп қайта аталды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
"Алматы облысының Қапшағай қаласын Қонаев қаласы деп қайта атау туралы «Қазақстан Республикасының əкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сəйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: Алматы облысының Қапшағай қаласы Қонаев қаласы деп қайта аталсын. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - делінген хабарламада.
Бұл қаланың атын ауыстыру бойынша мәселе Тоқаевтың кезектен тыс жолдауында айтылған. Қала атын ауыстыру туралы жұрттың пікірі екіге бөлінгеніне қарамастан, көптеген сарапшылар қаланың аты қалай да ауысатыны түсінікті екенін айтқан.