Қазақ бақылаушылары митингке шықпақ

Есдәулет Қызырбекұлы

  • 07.10.2020

Бүгін Алматы қаласында бір топ азаматтық белсенділер мен тәуелсіз бақылаушылар баспасөз мәслихатын өткізіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан сайлау туралы заңға өзгерту енгізіп, аралас сайлау жүйесін  қайтаруды талап етті. Жиынға Қазақ ұлттық патриот қозғалысының мүшесі Нұрлан Бұланбаев, «Тәуелсіз бақылаушылар» ұйымының төрағасы Арай Назарова және азаматтық белсенді Ақмарал Қамбарқызы қатысты.

Ақмарал Қамбарқызының сөзінше, сайлау туралы заңды өзгертіп, сайлауға 50/50 жүйесін (жартылай можаритарлы, жартылай партиялық тізім) енгізу қажет. Себебі қазіргі заң халықтың сайлауға қатысу құқығын бұзып отыр.

«Аралас сайлау жүйесін қайтару керек. Бізде қазір мәжіліске, мәслихатқа депутаттар тек қана партиялық тізіммен ұсынылады. Бұл дегеніміз, біздің Конституциямыздың 33 бабы өрескел бұзылуда деген сөз. Өйткені 33 бапта Қазақстан азаматы сайлауға және сайлануға құқылы делінген. Бізде ондай құқық бар ма? Ондай құқық жоқ. Оған тек қана партия мүшелері ие. Бұл дегеніміз барлық халық партияның «қорасына» кіру деген сөз сияқты. Енді сол құқықты халыққа қайтару керек. Сайлау туралы заңға өзгерту енгізу арқылы, бір мандатты округтерде өзін-өзі ұсыну негізінде мажоритарлы жүйемен сайлау өткізу керек. Депутаттардың 50 пайызы партиялық тізіммен өте берсін. Қалған 50 пайызы өзін-өзі ұсыну негізінде өтуі тиіс... Осыған байланысты біз президентіміздің алдына осындай талап қоюға шешім қабылдадық және ол үндеуді жасап қойдық», - дейді Қамбарқызы.

Қамбарқызының айтуынша, республика бойынша белсенділер бас қосып, ұйымдастыру комитетін құрған және қазан айының 11-і күні бейбіт шеру ұйымдастыруға уағдаласқан.

«Бүгінгі таңда аймақтардағы белсенділер бас қосып, ұйымдастыру комитетін құрдық. Ол комитет өз жұмысын бастап кетті. Қазанның 11-і күні бейбіт митингіге шығамыз деп әр аймақ өз әкімдіктеріне ескерту хат берді... Бүкіл Қазақстанның белсенділері  бас қосып, бір шешімге келді. Біз құқығы бұзылған азаматтардың қолын жинап, президентке үндеу жолдаймыз... Президентке айтатыным, халыққа сайлану құқығы қайтарылуы тиіс. Әрбір азаматтың сайлану құқығы бұзылмауы керек. Президент өз құқығын пайдаланып, халықтың талабын орындауы қажет. Дәл осы жерде көреміз, бізде еститін үкімет құрылды ма, жоқ па? Ол қаншалықты дәрежеде жұмыс істей алады? Егер Тоқаев мырза шын халқы қолдаған президент болса, онда халықтың талабын орындауға тиіс», - дейді белсенді.

Бұдан бөлек, Қамбарқызы белсенділердің алдағы парламент сайлауының «Нұр Отан» партиясының праймеризі сияқты онлайн дауыс беру арқылы өтуіне үзілді-кесілді қарсы екенін айтты.

Өз кезегінде Нұрлан Бұланбаев биліктен 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды және сонда жазылған мажоритарлық сайлау жүйесін қайтаруды талап етті. Оның сөзінше, Қазақстан халқы қазір жер көлемі бойынша әлемде 9 орындағы конслагерьде құл болы өмір сүріп жатыр.

«Біздің қырғыз бауырларымызға рақмет. Олар өз жерінде кімнің қожайын екенін көрсетті. Ал сіздер бізді мал есебінде көріп, елдің, жердің байлығын жеке дара басқарғыларыңыз келеді. Біз бұған жол бермейміз, күресеміз. Халық оянды. Құрметті билік, халықты алдауды қойыңыздар. Бізге мажоритарлық сайлау жүйесі көрсетілген 1993 жылғы Конституцияны, әрбір азаматтың дауыс беру құқығын қайтарып беріңіздер... Халық әлем бойынша 9-орын алатын конслагерьде құл болып өмір сүріп жатыр. Біз сондай дәрежеге түстік», - дейді Бұланбаев.

Арай Назарованың айтуынша, қазір қоғам бұрынғыдай емес, сол себепті де қоғам, билік, халық әділ сайлау институтын қалыптастыруы тиіс.

Естеріңізге салайық, көршілес Қырғызстанда өткен аптада парламент сайлауының қорытындысымен келіспеген оппозиция жақтастары көшеге шығып, Жоғары Кеңес пен Ақ үйге басып кірген. Кейіннен ел президенті Сооронбай Жээнбеков мәлімдеме жасап, бұны билікті заңсыз басып алуға балаған. Ал орталық сайлау комиссиясы сайлау нәтижесін жоққа шығарған.

 

 

 

MalimBlocks
Рысбек Сәрсенбайұлы: Сайлау кейінге қалуы керек