Тарихшы: «Қазақ жерінде құрылған дивизиялардан «қазақ» атауы алынып тасталды»

Осы ұлттық бес құраманың бірде бірін қазақ азаматтарына басқартпады.

Олжас Қасым

  • 11.05.2022

-Белгілі тарихшы, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері Құндызай Ерімбетова екінші дүниежүзілік соғыстың құпияға толы кезеңдерін  зерттеп жүр. Ғалымның осы бағытта «Сталинградтан днепрге дейін: Амантай Дәулетбековтің ерлігі» (із-түссіз кеткен қазақстандықтар) атты кітабы жарық көрген.  Автор бұл еңбегінде Сталинградтан Днепрге жеткен қазақстандық жауынгерлердің тізімін алғаш рет ғылыми айналымға енгізіп, олардың ерлік жолын тың деректермен толықтырды.  Зерттеушімен соғыс кезеңдеріндегі тың зерттеулері туралы сұхбаттасып көрдік.  


- Бұл кітапта 23 жасында ерен ерлік көрсеткен батыр Амантай Дәулетбеков туралы архив құжаттары негізінде құпия деректерді анықтапсыз. Дәулетбеков қанды шайқаста қандай ерлігімен танылды?  Жауынгерге «Кеңес одағының батыры» атағы берілсе де, ұрпақтары неге осы уақытқа дейін білмей келді? 

- Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтың қаншама қайсар батыры ерен ерлік жасады. Өкінішке қарай, басым бөлігі майдан даласында із-түссіз кеткендер қатарында қалды. Солардың бірі – Амантай Дәулетбеков. Ерлігімен айрықша еленген Амантай батырды зерттеу біз үшін күрделі болды. Кеңес одағының батыры Амантай Дәулетбековтің майдан даласындағы ерлік іздерін анықтау үшін арнайы зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Алайда, соғыстың әскери операциялар ауқымында Қызыл армияның дивизиялары мен полктерінің орналасуы мен қалыптасуы және қайта қалыптасуы жиі орын алғандықтан, ұлттық құрамалар мен оның құрамына қатысты деректер үзік-үзік оқиғалардан құралады. Ал кейбір тұстары тіпті белгісіз. Амантайдың 1939 – 1941 жылдардағы тағдырына қатысты әлі де терең зерделеу жұмыстары қажет. Батырдың өмірі мен әскери қызметіне қатысты зерттеу жұмыстары барысында  тың мәліметтерге жолықтық. Ресми құжаттар мен марапаттау қағаздарына қарасақ, ол 1917 жылы дүниеге келген.

ҚР Орталық мемлекеттік архив қорындағы Амантайдың өмірбаянына қатысты құжатта оның 1920 жылы туғаны жазылған. Мен өзім осы нұсқаны дұрыс деп есептеймін. Себебі, Амантайдың туған әкесі Жәйел өзінің естелігінде Амантай 12 жасқа келгенде батырдың анасы Міңкештің қайтыс болғанын жазған. Демек, 1932 жылы анасымен қоса, әжесі Шәлі, әкесімен туысқан Жөлеубек пен Кемелбек және басқа да жасөспірімдер қайтыс болған. Бұған ұжымдастыру жылдарының қиындығы себеп болған. Осының әсерінен әкесі Жәйел отбасымен Жаңаарқадан Әулиеатаға көшеді. Амантай осы Жамбыл облысында өсіп, соғысқа аттанған. Небәрі 23 жасында қанқұйлы соғыстың өрт-жалынына кірген.  Түрлі басылымдарда оның үшінші нөмірлі зеңбірекші, одан соң зеңбірек дәлдеушісі, үш айдан кейін аға сержант шенінде зеңбірек есебіне басшылық еткені туралы мәлімет бар. 1942 жылдың жаз айында Орлов-Брянск бағытындағы операцияға Амантай Дәулетбеков артилерриялық расчет командирі ретінде қатысты. Осыдан кейін орыс қаласы Ливныдың оңтүстік бағытындағы майданда жойқын ұрысқа араласты. Көп ұзамай ол 13-армияға қарасты танктерді бұзып-жоятын 1080-артиллериялық полкінің зеңбірек есебінің командирі ретінде Брянск майданына жіберілді.

Жауынгер Амантай Дәулетбеков 1942 жылы 19 қазанда 226,7 және 228,0 биіктіктер үшін болған ұрысқа миномет жалынының өтімен үздіксіз снарядтар жеткізген. Нәтижесінде жау әскерінің 2 дзоты, 3 блиндажы және 1 взвод жаяу әскері жойылған. 1942 жылдың 19 қазаны күнгі ерлігі үшін А.Дәулетбеков «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Гвардия аға сержанты Дәулетбеков өзінің зеңбірек құрылғысы есебімен, барлығы 29 танк, 9 өздігінен қозғалатын қондырғы, 9 дербес қондырғы, 2 бронды көлік, 8 пулемет ұясы, 6 дзот, 6 автокөлік және 200-ден астам дұшпан әскері мен офицерін жойды. 

1943 жылғы Курск шайқасы алдында Амантай Дәулетбеков Орталық майданның танкке  қатысты резерв құрамында болды. Бриғада құрамындағы Дәулетбеков әскери қызмет атқарған 1180-ші жойқын танкке қарсы артиллериялық полк, алдымен, 1942 жылдың 5 шілдесі күні 48 және 13-армияның түйіскен жерінде ұрысқа араласты. Соғыс тарихында маңызды орны бар аталмыш бригада толық құраммен 3-армия әскерімен өзара іс-қимылда Поныри ауданында қарсыластардың танк шабуылын тойтарды. 1943 жылдың 10 тамызы күні ЖБҚР-ның 4-танкке қарсы жойғыш артиллериялық бригадасы жеке құрамымен толықтай ұрыс алаңында табандылық пен батырлық көрсетті.   Ерлік жасағаны үшін бригада аты өзгеріп, «гвардиялық бригада» атауы берілді. Бұдан былай 4-гвардиялық қарсы жойғыш артиллериялық бригадасысы деп аталды. Бұл «гвардиялық» атақшайқас алаңында Амантай Дәулетбеков бастаған мыңдаған жерлесіміздің қасық қаны қалғанша күресі және олардың құрбандығымен келген даңқ болды. Амантай Дәулетбеков Поныри мекенін жаудан азат етуде 1943 жылдың 9 шілдесі күні ерлікпен қаза тапты. Осы ерлік істеріне байланысты Амантай Жәйелұлы «Кеңес одағының батыры» атағына ие болды.

Айта кетуіміз керек, Амантай Дәулетбековтің тағдырына қатысты әскери комиссариаттар тарапынан ағаттық кеткен. Батыр туыстарына оның із-түссіз жоғалғаны туралы қара қағаз келгенімен, жауынгердің марапатталғаны жөнінде мүлдем айтылмаған және отбасына табысталмаған. А.Дәулетбековтың «Кеңес одағының батыры» атанғанын туыстары бертінге дейін білмей келді. Мен оны Александр Емельяновтың «Мамаев курган и Пять курганов безымянных» деген ақпараттық хабарламасы арқылы таптым. 

- Сонымен қатар, бұл кітапта Кантемировка бауырластар зиратында жерленген Ахмет Станқұлов туралы мәлімет жарияладыңыз. Қазақтың батыр ұлы ең ірі шайқастардың бірі Высочанов хуторын азат ету кезінде қаза тапқан екен. Осы ірі айқас пен батыр ерлігі жөнінде тоқтала кетсеңіз...   

- Ахмет Станқұлов 1907 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 1942 жылы сол жерден майданға аттаныпты. 1996 жылы шыққан «Книга памяти» кітабында мынадай қысқаша ғана мәлімет берілген. «... Майдан даласында жауынгер-атқыш ретінде 48-атқыштар дивизиясының 146 атқыштар полкі құрамында шайқастарға қатысқан. 1943 жылы 11-қаңтарында Воронеж облысы Кантемир ауданы Высочанов  хуторын азат ету кезінде қайтыс болған». 

2015 жылы жауынгердің қызы Насипа Ахметқызы Станқұлованың қызы яғни батырдың немересі, ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатта ұзақ жылдар қызмет еткен Мәрзия Жылысбаева Ресей Қорғаныс министрлігінің архиві және Воронеж облысының Кантемиров муниципиалды ауданы Кантемир қалалық елді-мекені әкімшілігінің басшысы Анатолий Николаевич Гавриленкомен байланысу арқылы жоғарыдағы мәліметтердің растығына көз жеткізеді.  Хатта Бауырластар зиратында қойылған мемориальдық тақтадағы тізімде Ахмет Станқұловтың да аты-жөні жазылғанын қоса хабарлайды. Бұл қазақстандықтар үшін сүйінші хабар болды. Мәрзия Ғаниқызы қуанышты жаңалықты бізбен де бөлісті. Жауынгердің бір ғана фотосуреті сақталған екен. Бұдан өзге деректер жоқтың қасы. Бізге Ахмет Станқұловтың қандай армияның, соғыс майданының құрамында шайқасқанын анықтау керек болды. 1942 жылдың тамызы, 1943 жылдың 11 қаңтары. Бұл Сталинград шайқасының айрықша белең алған уақыты. Ізденістер нәтижесінде 1942 жылдың 1-қыркүйегінде Батыс майданның генерал-лейтенант П.Л.Романенко қолбасшылығындағы 3-танк армиясы 264-атқыштар дивизиясының болғандығы және осы жылдың 1-қазаны күні аталмыш танк армиясының құрамында Жоғарғы Бас қолбасшылық резервіне берілгендігі айқындалды.

Дивизияның 1942-43 жылдардағы командирі генерал-майор Николай Маковчук болған. Ахмет Станқұлов болса командирдің қол астында жүріп шайқасқа кірген. Осы жерде мынадай қорытынды шығара аламыз. 1942 жылдың қыркүйегі мен қазаны аралығында жауынгер А.Станқұлов алапат ұрыстың бел ортасында болады.  1943 жылы 3 қаңтарда дивизия бөлімдері Воробьевка, Бутурлиновка, Калач станцияларына орналастырылған. Ахмет 146-гвардияның атқыштар полкінде болған. Ашық деректерге сүйенсек, 1943 жылдың 14 -қаңтарынан бастап 48-атқыштар дивизиясы Воронеж майданы құрамына жіберілген. Аталған дивизия Михаиловка, Ольховатька, Осадчий, Варваровка, Буденный және өзге де елді мекендердегі қарсыластар қорғанысын талқандап шығады. Осыдан соң олар Пасюково-Высочанов елді мекенінде орналасқан дұшпан әскеріның қорғанысын бұзады. Осы мәлеметтерге сүйенсек, А.Станқұловтың Высочанов хуторын азат ету кезінде 11 қаңтар күні қайтыс болғанын ескерсек, онда дәл осы әскери операцияға оның қатысқаны анықталады. Бекіністі бұзу үшін екі аптадай уақыт кеткен болса, біріншіден қарсылас әскерлердің мықты қорғаныста болғаны анық. Бұл соғыс тарихындағы Воронеж-Харьков стратегиялық қарсы шабуыл операциясы аясындағы Острогож-Россошан қарсы шабуыл операциясы жүргізілген уақыт. Бізді қуантқаны, жоғарыда жасалған пайымның негізсіз еместігіне көз жеткіздік.  Ресей Қорғаныс министрлігі Орталық архиві 2007 жылғы «құпия» графигінен алынған 48-гвардия атқыштар дивизиясының әскери іс-қимыл журналында жазылған әскери операция сипаттамалары негізгі дерек көзі болды. Жауынгерлер барлау ұрыстарын қаңтардың 4-нен бастаған. 48-ші атқыштар дивизиясының қарсыластары қуатты болды.  Атқыштар дивизиясының әскери күшіне қарсы жалпы 60-қа жуық құрылғы, оның ішінде 2 ауыр батарея, танктерді жоятын 12 құрылғы, 4 минометтік батарея, 3 алты ұңғылы миномет қойылды.

Дивизия бөлімшелері алғашқы күндерден-ақ қиын кедергілерге кезікті. Екіншіден, Ахмет Станқұлов 4-11 қаңтар аралығында қаруластарымен 1/146 гв. АП құрамында Высочановтағы 223, 0 биіктігін бағындыруда жау әскерінің таңдамалы құрамаларына қарсы барлау ұрыстарына қатысуы - үлкен ерлік. 11-қаңтарда немістің әуе күштері 12 рет үсті-үстіне оқ жаудырған. Оның ішінде 4 ұшақ А.Станқұлов құрамында болған 1/146 гвардиясының атқыштар полкін бомбалайды. Бұл сол кезеңде қарсыластар күшін дер кезінде бағаламаудан немесе Қызыл Армия әуе күштері құрамының жеткіліксіздігінен болуы әбден мүмкін. Десе де, 11 қаңтар осы әскери операция үшін кеңес әскеріне үлкен сабақ болған секілді.

Ахмет Станқұлов 3-танк армиясы құрамындағы 48-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 146-шы гвардиялық атқыштар полкі құрамында соғысып, жан қиған батыр. Ерен ерлік көрсеткендігінен болар, оның денесі Ресейдің Кантемировка кентіндегі Бауырластар зиратына жерленген және қаруластарымен бірге құрмет көрсетіледі.

- Мұрағат деректерінен 48-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 146-шы гвардиялық атқыштар полкі құрамында соғысқан басқа да батырлар жөнінде мәліметтер табылыпты.  Бізге белгісіз болып келген 40 жауынгер кімдер еді?

- Бұл жауынгерлердің майдан даласындағы ерлік істері айтуға тұрарлық. Алдағы уақытта іргелі зерттеу жасауымыз керек. Дегенмен,бұл тізімді ұсыну қажет. Себебі, олардың ұрпақтары ата-бабаларының қандай ерлік жасағанын біліп жүргені абзал.

Соның бірі – Ақмола облысының тумасы Қонымхас Сатақбаев. Ол 120 мм минометтер батареясының минометшісі болыпты. Дивизия командирі, генерал-майор Н.М. Маковчуктің куәлік етуінше, 1943 жылдың 22 қаңтарында Засосна деревнясын азат етуде неміс әскері автоматшыларының үлкен тобы минбатареяны қоршап алып жою мақсатын көздегенде, ол өзінің қаруластарымен бірге оқтың астында табандылық пен батылдық көрсетті. Бір өзі 9 фашистің көзін жойған. Нәтижесінде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.  Сондай-ақ бұл тізімде Түркістан  облысының перзенті Комбар Абдумалинов та бар. 1-атқыштар батальонының атқышы, гвардия жауынгері Жұмабай Мұхаметжанов та осы қатардан табылды. Түркістан  облысы Шаян  ауданынан әскерге аттанған қатардағы жауынгер Айткөл Рахимбибат, солтүстікқазақстандық, пулеметші Жұмақыш Төлебаев, ефрейтор Қажыбай Қолышпаев, түркістандық Маметбек Иргашев, ақтөбелік Фасах Шайхисламов, Ілияс Жұмағалиев, Бұзалбай Даржанов, Алматы облысының тумасы Рахмади Жексенбаев, батысқазақстандық Асқар Умаров, павлодарлық Жәкен Әбішев, Әшім Омаров, шығысқазақстандық Қабдулла Уәлиев, ақмолалық Жұмаділ Баянов, Қарақалпақ АКСР-нен Тойле Байымбетов, әзірбайжандық Муса Мамедов, Алматы облысының тумасы Абдуқадыр Әлімбеков, Өзбек КСР-нен Хажмамыт Кадыров, Дәулетбай Тохашев, қарағандылық Тіжбек Абдуманатов, Төлеу Құлбаев, павлодарлық Жақан Әбішев, Жұмабай Сматаев, 1925 жылы туған Дүйсен Айтжанов, түркістандық Ордабек Испалов, семейлік Сұлхей Смағұлов, Мауытхан Сыдықов, алматылық Зарбек Қуатов, павлодарлық Имант Мамедов, атыраулық Галим Ибрагимов, ақмолалық Әбдіғапар Мұстафин, Балқаш қаласынан майданға барған Қаби Зұлқарнаев, Алматы облысынан Жұмбай Мұхамеджанов, қарағандылық Мақажай Балғабеков, Хасен Оспанов, өскемендік Қамбай Сейсенбаев.

48-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы Берлинге дейінгі шайқас даласында болған. 1945 жылдың 24 сәуірі мен 2 мамыры аралығындағы ұрыста дивизия жауынгерлері қаланың 1500 көше қиылыстарын, 7 теміржол стансасын, түрлі зауыттарды асып алып, жаудың 3000 солдаты мен офицерлерін жер жастандырып, жаралаған. 950 әскерді тұтқындағаны белгілі болды. Олардың ерлік істері өскелең ұрпақ үшін өшпес үлгі дер едік. 

- Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында қазақтарға қарсы жасалған әділетсіздіктер туралы көп жазылды. Сіз соғыста опат болғандардың «қара қағаздары» туыстарына жетпей қалғанын, қазақ жерінде құрылған дивизияларды басқаруға орыстардың қазақтарды қоймағанын да   әшкерелеп жүрсіз...  

- 1941 жылы Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316-шы атқыштар дивизиясы жасақталды. Қазақстанда 238, 310, 314, 387 және 391 атқыштар дивизиялары  құрылды. Барлығы 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 20-дан аса атқыштар және атты әскер бригадалары, әуе күштері, зеңбірекшілердің полктері , 74,75-теңіз флоты, түрлі соғыс саласының ондаған батальондары әзірленді. 

КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 1941 жылдың  тамызындағы №383 шешімімен сол жылдың аяғына дейін 11 одақтас республикада 66 ұлттық дивизия, бригада құрылды. Олардың 37-сі майдандарда соғыс қимылдарына қатысты.  Қазақстанда 100, 101, 105-ші 3 дербес атқыштар бригадасы және 105, 106 2 кавалериялық дивизия ресми түрде қазақ деп аталды. Барлығы да фашистік Германия әскерлерімен бетпе-бет шайқасты. Бір қайран қалдыратыны, осы ұлттық бес құраманың бірде бірін қазақ азаматтарына басқартпады. Мысалы, 100-Қазақ дербес атқыштар бригадасы Алматыда құрылды. 86 пайызы қазақтардан құралды. 101-Қазақ дербес атқыштар бригадасы Ақтөбеде жасақталды. 151-Қазақ дербес атқыштар бригадасы Қостанайда өмірге келді. Бригада 1943 жылы үшінші рет жасақталған 150-атқыштар дивизиясының негізіне айналды. Бұл дивизия Рейхстагқа бірінші болып ту тігуімен тарихқа енді.  105-Қазақ кавалериялық дивизиясы Жамбыл облысында,  106-Қазақ кавалериялық дивизиясы Ақмолада жасақталды. 

1942 жылдың тамызында бұл 5 құраманың барлығынан Қазақ деген ұлттық атау алынып тасталды. Өзге Латыш, Литва және Эстонның 9 әскери ұлттық құрамасының атауы соғыс аяқталғанша сақталды.  Бұл да қазақ ұлтына жасалған тарихи әділетсіздік.

2019 жылдың 9 мамырындағы облыстық әскери комиссариат мұрағаты, «Боздақтар», «Зерде» кітаптарындағы мәліметтер нәтижесінде Жамбыл облысынан 70 мыңға жуық сарбаз соғысқа аттанғаны, кейінгі ел тұрғындарының ішкі көші-қонына байланысты облыстан 105 мың азаматтың соғысқа кеткені мәлім болды. Облыстық «Ерлік» мемориалдық кешені тізіміндегі 39 Кеңес Одағы батырының 20-сы осы майданға Жамбыл облысынан аттанған. Көңіл аударарлық жайт, әскери комиссариаттың мұрағат сөрелерінде соғыс жылдарында майдан даласында мерт болған  он мыңға жуық жамбылдық боздақтың «қара қағазы» том-том болып қатталған күйінде қалған. Бұл қалайша сарбаздардың отбасына таратылмаған деген сұрақ туындайды.  Міне, осындай түсініксіз жайттар көптеп орын алған. Сондықтан екінші дүниежүзілік соғыс тарихын әлі де жүйелі түрде зерттеу керек. 

Сұхбатыңызға рахмет!

Суреттер ашық дереккөздерден алынды 

 

 

 

 

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Зерендідегі соғыс жауынгерлеріне қойылған ескерткішті бүлдіріп кеткен

27.10.2024

Израиль Ирандағы нысандарға шабуылын аяқтағанын мәлімдеді

26.10.2024

Израильдің соққысынан қаза тапқандар саны 2,5 мыңнан асты

23.10.2024

Бүгін Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына — 100 жыл

19.10.2024

Президент Тоқаев Ресей-Украина соғысы жайлы айтты

17.10.2024

АҚШ Израильге ескерту жасады

16.10.2024
MalimBlocks
Зерендідегі соғыс жауынгерлеріне қойылған ескерткішті бүлдіріп кеткен

Полиция оларды іздеп жатыр

Израиль Ирандағы нысандарға шабуылын аяқтағанын мәлімдеді

Оны Иран шабуылдарына жауап ретінде мәлімдеген

Израильдің соққысынан қаза тапқандар саны 2,5 мыңнан асты

12 мыңға жуық адам жарақат алған

Бүгін Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына — 100 жыл

Президент Тоқаев Ресей-Украина соғысы жайлы айтты

Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық

АҚШ Израильге ескерту жасады

АҚШ-тың талабы - Израиль билігі Газа секторында гуманитарлық жағдайды жақсарту үшін шаралар қабылдауға тиіс