Зейін ӘЛІПБЕК: Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз.
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіне депутаттарды сайлау бойынша үгіт – насихат науқаны бүгін аяқталады. Бүрсігүні жеті рет өлшеп, бір рет пішіп барып, Қазақстанның саяси болашағына өзіндік үлес қосамыз деп бәсекеге түскен бес саяси партияның біріне дауыс бересіз. Сол арқылы Сіз елдің болашақ бағдар-бағытын айқындауға, бейнелеп айтқанда «Авгий атқорасын» тазалауға атсалысасыз. Отыз күн бойы ортаға түскен ұсыныс пен реформаларға жетелейтін жаңа бастамаларды ой елегінен қайта өткізіп, оқшау тұрған дөңгершекке кіргенде қай партияны таңдайсыз?
Менің таңдауым – тізімді қақ ортасынан жарып тұрған «Ауыл».
Неге дейсіз ғой... Қазақы түсінікпен тарқатып көрейін.
Бірінші, азық-түлік қауіпсіздігі. Есте жоқ ескі заманнан бері адамзатты толғандырып, күн тәртібінен түспеген бұл тақырыпты қазақ атам «Ас адамның арқауы» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. Қай тіршілік иесі болмасын бірінші кезекте асқазанға түсетін азыққа тәуелді. Ал арқауы бар жан қарынның қамын емес, адамзаттың асқарлы армандарын ақиқатқа айналдыруға, яғни ғылым-білімге ден қояды. «Ораза, намаз - тоқтықта» дейді дана қазақ. Бұл тәмсілдің түсінігі тым терең. Жаһанды жақсылыққа бастайтын жарқын идеялардың түлкі құрсақ жарлы-жақыбайдан шықпайтыны бесенеден белгілі. Яғни, нан бар жерде, ән бар. Ел ырзығының иесі – тек ауыл. Ең қауіпсіз ел – аграрлы мемлекет. Болашақта бидай мұнайдың орнын басады десем, бұл артық айтқаным емес.
Екіншіден, ауыл – қазақтың алтын бесігі, діңгегі. Ұлтымыздың ғылыми және шаруашылық көшін алға сүйреген ғалымдар мен рухани ортасын кемеліне келтірген өнер иелерінің басым бөлігі қазақи уызға ауылдан жарып, түлеп ұшқан. Біздегі бүгінгі былық пен келеңсіздіктердің бастауында ұлттық діл мен тіл, болмыстан ажыраған асфальтта өскендер тұр. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!». Бұл бүгінде қайраңда қалған кемедей күй кешкен ауылдың тұрмысын түзеу мақсатында атқа қонған саяси ұйым – «Ауыл» партиясының басты ұстанымы. Сондықтан мен басты мұраты ұлттық болмысымыздың бастауы ауыл тамырына қайта қан жүгірту болған ауылдықтарды қолдаймын.
Үшіншіден, «Ауыл» партиясы еш уақытта Мәжілісте болмаған партия. Қоғамға жаңа леп, жаңашылдық керек. Бұл партияның ұсыныстары мен ұстанымдары халық көңілінен шығып жатыр. Мен де сол көптің ішіндемін.
Ауылдың үні естілгенін қаласаң, ауылдың отын алаулатамын десең дауыс бер! Ауыл даусы жоғары мінберден естілсін!
«Ауыл» партиясы сайлау қоры қаражатынан төленді.