Алматы қаласының прокуратурасы таратқан ақпаратқа сәйкес, айыпталушы әйел мессенджерлерде арнайы чаттар ашып, Қытай, Өзбекстан және Ресей зауыттарымен тікелей жұмыс істеймін деп мәлімдеген. Сол себепті ыдыс-аяқ пен жиһаз бағасының арзан екенін алға тартқан, деп хабарлайды Malim.kz.
Азаматтардан ақша алған соң, тауарлар кешігуде деп жауап берген. Ал ақшаны туыстарымен бірге көлік, пәтер, жер телімдері, киім-кешек пен ойын-сауыққа жұмсаған. Сондай-ақ, букмекерлік кеңселерге ставка қойған.
Алматыдан Саранға дейінгі елді мекендерде тұратын 290 адам осы қылмыстың құрбаны болған. Олар әйелге жалпы сомасы 4,6 миллиард теңге берген.
Тергеу барысында 34 автокөлік, 2 пәтер, 1 пентхаус және 2 тұрғын үй мен жер телімдері тәркіленді.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағына сәйкес, айыпталушы 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Фото: pixabay.com