Өзбекстанда 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап бірқатар тауар мен қызмет түрлері үшін қолма-қол ақшамен есеп айырысуға тыйым салынады. Бұл шара көлеңкелі экономиканы қысқарту және қолма-қолсыз төлемдерді кеңінен енгізу мақсатында қолға алынып отыр. Тиісті жарлыққа ел президенті Шавкат Мирзиёев қол қойды, деп хабарлайды Malim.kz.
Жаңа талаптарға сәйкес, қолма-қол төлемге тыйым салынатын тізімге алкоголь мен темекі өнімдері, мемлекеттік органдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТҮКШ) қызметтері, автокөлік пен жылжымайтын мүлік сатып алу, жанармай бекеттері, сондай-ақ құны 25 миллион сумнан (шамамен 1 млн теңгеден сәл асады) жоғары тауарлар енгізілген.
Аталған төлемдер енді банк карталары мен QR-кодтар арқылы жүзеге асырылады. Электронды төлемдерді қабылдауды жеңілдету үшін Өзбекстан Республикасының Орталық банкі 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін бірыңғай QR-код жүйесін енгізуі тиіс.
NB дерегінше, бұл өзгерістер Қазақстан азаматтарына да әсер етуі мүмкін. Өзбекстан Республикасының Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы 10 айында Өзбекстанға туристік мақсатта 2,3 млн қазақстандық барған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 76 пайызға жоғары. Қазақстандықтардың шамамен 75 пайызы Өзбекстанға туыстарына бару үшін сапарлайтынын ескерсек, сәуір айынан бастап күшіне енетін жаңа талаптарды алдын ала назарда ұстағаны жөн.