Қырғызстан құрамасы Түркістан қаласында 15-21 наурыз аралығында өтетін көкпардан Әлем чемпионатына қатысудан бас тартты. Бұл туралы 24.kg басылымына Көк-бөрі федерациясының баспасөз хатшысы Самат Жұмакадыров мәлімдеген, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, мұндай шешім ұйымдастырушылар тарапынан шақырудың тым кеш жіберілуіне байланысты қабылданған. Федерация өкілдері халықаралық деңгейдегі турнирлерге шақыру кемінде үш ай бұрын, тіпті жарты жыл бұрын жолдануы тиіс екенін айтады.
"Бұл бойкот емес, жай ғана уақыт жетпеді. Аттарды іріктеу, 12 ойыншыны таңдау, жаттықтырушылар құрамын бекіту және толыққанды дайындық жүргізу үшін белгілі бір уақыт қажет", – деді Самат Жұмакадыров.
Сонымен қатар дәл осы кезеңде Қырғызстанда ауқымды республикалық "Нооруз-2026" турнирі өтеді. Оның аясында күзде Қырғызстанда ұйымдастырылатын Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын ұлттық құрамаға іріктеу басталмақ. Федерация өкілдерінің айтуынша, мұндай маңызды жарыс алдында ешбір команда өздерінің үздік ойыншылары мен тұлпарларын басқа елдегі турнирге жібере алмайды.
Айта кетейік, көкпардан екінші Әлем чемпионаты 15-21 наурыз күндері Түркістан қаласында өтеді. Жарысқа 10 елдің ұлттық құрамалары қатысады деп жоспарланған. Турнирдің жалпы жүлде қоры 30 миллион теңгені құрайды.
Ал Қазақстан құрамасының тізімі бұған дейін жарияланған болатын. Команда сапында белгілі көкпаршылар Есжан Құрманбай, Ернат Мәлімбай, Асылжан Мамыт және Нұрислам Төлеп бар. Топтық кездесулер 16 наурызда басталып, финалдық ойын 21 наурызға жоспарланған.
Еске сала кетейік, көкпардан алғашқы Әлем чемпионаты 2017 жылы Астанада EXPO-2017 халықаралық көрмесі аясында өтіп, онда Қазақстан құрамасы чемпион атанған.