Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Қытай космосқа жіберген 3 ғарышкерін Жерге қайтара алмай отыр

Әлем
Қытай космосқа жіберген 3 ғарышкерін Жерге қайтара алмай отыр
ашық дереккөзден

Қытайдың «Тяньгун» орбиталық станциясында жүрген «Шэньчжоу-21» ғарыш кемесінің экипажы белгіленген мерзімде Жерге қайта алмай қалды. Бұл туралы Қытайдың ғарыш бағдарламасы агенттігі (CMSA) хабарлады, деп жазады Malim.kz.

Агенттіктің мәліметінше, қайту капсуласына ғарыш қоқыстарының микробөлшектері соғылған. Осы жағдай экипаждың Жерге оралу миссиясын кейінге шегеруге себеп болған.

Бастапқы жоспар бойынша үш ғарышкер – Чжан Хунцзян, У Фэй және Чжан Лу – 5 қараша күні Жерге оралуы тиіс еді. Алайда модульдің зақымдануы салдарынан инженерлер қауіпсіздік тәуекелін бағалап, миссия мерзімін ұзарту жөнінде шешім қабылдаған. Қазір нақты қашан оралатыны және модульдің техникалық жағдайы туралы ресми ақпарат берілген жоқ.

Ғарыш мамандарының айтуынша, капсулаға соғылған бөлшектердің көлемі көзге көрінбейтіндей ұсақ болғанымен, мұндай соққы ғарыш құрылғыларының беріктігіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Егер модульді жөндеу мүмкін болмаса, хаттамаға сәйкес, «Шэньчжоу-20» экипажы Жерге «Шэньчжоу-21» кемесімен оралуы ықтимал.

Әдетте «Шэньчжоу» бағдарламасының әрбір миссиясы шамамен алты айға созылады. Бұл кезеңде ғарышкерлер ғылыми зерттеулер жүргізіп, станция жабдықтарын тексеріп, орбитада жиналған қалдықтарды жояды.

Биылғы 1 қарашада «Шэньчжоу-21» экипажы сәтті түрде орбитаға көтеріліп, Қытайдың жаңа ғылыми бағдарламасын бастаған болатын.

Associated Press және Reuters агенттіктері хабарлағандай, алдыңғы миссия – «Шэньчжоу-20» құрамында Чэнь Дон, Чэнь Чжунжуй және Ван Цзе болған. Олар сәуір айында орбитаға шыққан, алайда жаңа экипаж келгеннен кейін кейбір техникалық қиындықтар анықталған.

Айта кетсек, «Шэньчжоу-21» кемесін «Чанчжэн-2F» зымыран тасығышы ғарышқа ұшырған. Кеме бортында үш ғарышкермен бірге ғылыми тәжірибелерге арналған төрт зертханалық тышқан да болған.

Бұл күтпеген жағдай Қытайдың ғарыш бағдарламасы тарихындағы ең маңызды сынақтардың бірі ретінде бағаланып отыр. Ел алдағы жылдары өз орбиталық станциясын жетілдіріп, 2030 жылға қарай Айға ғарышкер жіберуді жоспарлап отыр. Алайда «Шэньчжоу-21» миссиясындағы бұл кідіріс болашақ ұшуларда қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін тағы бір мәрте көрсетті.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу