freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ресей келісімшартты бұзғаны үшін германиялық компаниядан 47 млн еуро талап етті

Әлем
Ресей келісімшартты бұзғаны үшін германиялық компаниядан 47 млн еуро талап етті
Tass

Қырым аннексияланғаннан кейін Берлин Нижегород облысындағы Мулино елді мекенінде жауынгерлік даярлық орталығын салуға берілген рұқсатты қайтарып алды. Енді Ресейде Rheinmetall концернінен келісімшарттың бұзылғаны үшін 47,2 млн еуро төлеу талап етілуде.

Мәскеу әскери прокуратурасы мен Ресей Қорғаныс министрлігіне қарасты «Гарнизон» компаниясы Германияның қорғаныс өнеркәсібі концерні Rheinmetall-ға қарсы Мәскеу арбитраждық сотына талап арыз түсірді. Бұл туралы 3 маусым, сәрсенбі күні Ресейдің РБК агенттігі хабарлады. Агенттік дереккөздерінің айтуынша, Германияның ең ірі қару-жарақ өндірушісінен Қырымның Ресей тарапынан аннексиялануынан және Донбастағы әскери іс-қимылдардың басталуынан кейін Нижегород облысындағы Мулино кентінде Құрлық әскерлеріне арналған жауынгерлік даярлық орталығын салу және оны жабдықтау жөніндегі келісімшарттың орындалмай қалуына байланысты 47,2 млн еуро өндіріп алу талап етілуде. РБК мәліметінше, қорғаныс саласына қатысты қызметтік құпиялардың жария болып кету қаупіне байланысты сот процесі жабық режимде өтуде.

Rheinmetall концернінің Мулино қалашығында Ресей армиясына арналған жауынгерлік даярлық орталығын салу жөніндегі келісімшарты Германия билігінің рұқсатын алып, 2011 жылы жасалған болатын. Ресей Қорғаныс министрлігі сарбаздарды даярлау үшін немістің кешенді жаттығу құралдарын, соның ішінде атыс жүргізу машықтарын пысықтауға арналған лазерлік атыс имитаторларын сатып алуды жоспарлаған еді.

Қырым аннексияланып, Украинаның шығысындағы соғыс басталғаннан кейін Германияның сол кездегі экономика министрі Sigmar Gabriel Еуропалық Одақтың Мәскеуге қарсы санкцияларына сілтеме жасап, Мулинодағы оқу орталығын салуға берілген рұқсаттың күшін жойды. 2015 жылдың басында Ресей келісімшарттың бұзылуына байланысты Германияға айыппұл санкцияларын қойған болатын.

Полигон неміс ноу-хауын пайдалана отырып аяқталды

Германияның қоғамдық-құқықтық ARD телеарнасының Tagesschau бағдарламасының хабарлауынша, Мулинодағы жауынгерлік даярлық орталығын Rheinmetall-дың ресейлік серіктесі «Оборонсервис АРГ» компаниясы Германиядан жеткізілген құрылыс элементтерінсіз аяқтаған. Алайда орталықты салу барысында немістің ноу-хау технологиялары едәуір көлемде пайдаланылған болуы мүмкін.

Немістің әскери өнеркәсіп концерні Rheinmetall келісімшарттың бұзылуынан келген шығынын 120 млн еуро деп бағалаған. 2015 жылы Rheinmetall Германия үкіметінен өтемақы талап етіп жатқаны хабарланған еді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу