Бұл туралы malim.kz тілшісі Bellingcat тергеу тобына сілтеп хабарлайды.
Батыс басылымдарының дерегінше, ресейлік Ольга Колобова Еуропада он жыл Мария Адела Куфельдт Ривера (Maria Adela Kuhfeldt Rivera) деген есіммен жүрген. Өзін "перу-неміс отбасынан шыққан зергерлік бұйымдар дизайнері" деп таныстыратын болыпты.
Тыңшының басты нысаны - Неапольдағы (Италия) NATO Біріккен Күштерінің Басқармасы болыпты. Ол NATO офицерлерімен байланысып, тіпті отбасыларына да қонаққа барып жүрген.
Тыңшы әйел 2018 жылы кенет Мәскеуге кері шақыртылған. Ол кезде, әкелі-балалы Скрипальдардың Лондонда улануынан кейін батыс арнайы органдары ресейліктерге шүйліге бастаған болатын. Ольга Ресейге өзімен бірге Луиза есімді сүйікті мысығын да ала кеткен.
Батыс барлаушылары желіге тарап кеткен ресейлік ветеринариялық клиникалардың мәліметтерін сүзіп, сол мысықтың мәліметтерімен сәйкес жазбалар тапқан. Осылайша, тыңшы қалай болғанда да мысығын тастап кетпес деген тұспалдары дұрыс болып шығыпты.
Осылайша, Мария Адела Куфельдт Ривераның шын мәнінде ресейлік тыңшы Ольга Колобова екені әшкере болыпты. Ольганың тыңшылықпен айналысқаны жөнінде - оның фотолары да, паспортының ерекше сериялық нөмірі де дәйек екен.
Расталмаған мәліметтерге қарағанда, қазір Ольга Мәскеуде ГРУ-дың бір бөлімшесінде жұмыс істеп жүр.