Ресей президенті Владимир Путин ел үкіметі мен Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФҚҚ) интернет өшірілген кезде аса маңызды онлайн-сервистердің «үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді» тапсырды. Бұл туралы Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 1 маусымда мәлімдеп, сөз «ақ тізімдерді» жетілдіру жайында екенін түсіндірді.
Оның айтуынша, мақсат – ең маңызды интернет-ресурстарды «ақ тізімге» енгізіп, интернет шектелген жағдайда да олардың жұмысын қамтамасыз ету. Песковтың сөзінше, «ақ тізімдер» өзгермейтін құжат емес, керісінше үнемі толықтырылып отыратын тізім болып табылады.
Интернет өшірілгенде медициналық, төлем және мемлекеттік қызметтер қолжетімді болуы тиіс
Путиннің бұл тапсырмасы оның 23 сәуірде үкімет мүшелерімен өткізген кеңесінің қорытындылары қатарында көрсетілген. Құжат 30 мамыр күні Кремльдің ресми сайтында жарияланды. Интернет өшірілген жағдайда да қолжетімді болуы тиіс сервистер қатарында медициналық көмек көрсету жүйелері, «Мемлекеттік қызметтер» (Госуслуги) порталы және төлем жүйелері аталған.
Тапсырманың орындалуына Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин мен ФҚҚ директоры Александр Бортников жауапты болып бекітілді.
Сонымен қатар саясаттанушы Иван Преображенский бұл тапсырма арқылы Путин Ресейдегі интернетті бұғаттау ісімен дәл ФҚҚ айналысатынын жанама түрде растады деп есептейді.
«Путиннің тапсырмасы бұл жөніндегі қауесеттердің рас екенін көрсетеді. Ресейдегі интернеттегі жаппай шектеулер мен “ақ тізімдерді” қалыптастырудың негізгі үйлестірушісі – Федералдық қауіпсіздік қызметі. Дәл осы арнайы қызмет өкілдеріне үкіметтің бұл бағыттағы жұмысын, соның ішінде ресми түрде жауапты саналатын Цифрлық даму министрлігінің қызметін қадағалау тапсырылған», – деп келтіреді Преображенскийдің сөзін The Insider басылымы.