Ресей президенті Владимир Путин ірі бизнесмендерді Украинадағы соғысты қаржыландыру үшін қазынаға «ерікті жарналар» жасауға шақырғаннан кейін, олардан федералдық бюджетке жүздеген миллиард рубль түскен. 18 тамыздағы жағдай бойынша өтеусіз түсімдер 383,69 млрд рубльді (айырбастау есебімен 4,5 млрд доллардан астам) құрады. Бұл туралы сейсенбі, 18 тамызда «Электрондық бюджет» жүйесінің деректеріне сүйенген «Ведомости» газеті жазды.
Басылымның атап өтуінше, биылғы жылдың жеті жарым айындағы бұл көрсеткіш 2025 жылдың бүкіл жылында түскен қаржы көлемінен (251,3 млрд рубль) 1,5 есе асып кеткен.
Сонымен қатар Путиннің бизнес өкілдерімен наурыз айында өткен жабық кездесуіне дейін, The Bell басылымының мәліметінше, ол кәсіпкерлерге бюджетке көмектесуді ұсынған болатын. Сол уақытқа дейін мемлекеттік емес ұйымдардан қазынаға түскен жарналар 15,6 млрд рубльді құраған. Ал сәуір айында қайырымдылық көлемі бірден 10 есеге өсіп, 159,7 млрд рубльге жетті. Мамырда ол тағы 45,5%-ға артып, 232,3 млрд рубль болды. Маусымда 27%-ға өсіп, 294,4 млрд рубльге жетті. Ал шілде мен тамыздың алғашқы жартысында тағы 30%-ға өскен.
Путинге «бизнесті сілкіп алу» идеясын Сечин ұсынған
The Bell басылымының сұхбаттасушылары Путиннің Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының (РӨКО) съезі аясында өткен кездесуде айтқандарын «соғысатын боламыз» және «Донбасс шекараларына дейін барамыз» деген сөздермен сипаттаған.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, «ел үшін қиын кезеңде бизнесті сілкіп алу» идеясы «Роснефть» компаниясының басшысы Игорь Сечинге тиесілі болған.
Кәсіпкер Сулейман Керимов кездесудің өзінде 100 млрд рубль көлемінде қаражат салуға уәде берген. Бұл туралы The Bell басылымына екі дереккөз мәлімдеген. Сонымен қатар кемінде тағы бір кәсіпкер бұл бастаманы қолдағанымен, нақты қандай соманы беретінін айтпаған.