Қазақстанда салық органдары электронды шот-фактураларды бақылаудың жаңа тетігін іске қоспақ. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап «салыстырмалы бақылау» деп аталатын механизм жұмыс істейді. Ол арқылы ЭШФ-та көрсетілген деректердің компаниялардың нақты коммерциялық операцияларымен сәйкестігі тексеріледі.
Жаңа жүйе бұрын қолданылған камеральдық бақылаудың орнын басады. Камералдық тексеріс тек құжаттардың формальды дұрыстығын қарайтын. Ал жаңа тәсіл тауар мен қызмет жөніндегі ақпараттың нарықтағы шынайы мәмілелерге сәйкес келуін салыстырады. Сонымен бірге бизнеске берілетін жауап мерзімі де қысқарады: бұрын 30 күн берілсе, енді 10 жұмыс күнімен шектеледі.
Ереже бойынша, егер кәсіпкер салық органының ескертуімен келіссе, тиісті шот-фактураларды кері қайтарып, түзетеді. Келіспеген жағдайда құжаттар мен түсіндірме жолдайды. Салық комитеті бұл материалдарды 5 жұмыс күні ішінде қарайды.
Бұл өзгерістің себебі айқын. Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, 2025 жылдың он айында жалған ЭШФ қолданған белгілері бар 3 100-ден астам компания анықталған. Бұл құжаттардың жалпы сомасы – шамамен 1 триллион теңге. Қысқартылған мерзім мен нақты деректерді салыстыру әдісі осындай көлеңкелі схемаларды тезірек тоқтатуға мүмкіндік береді.
Жаңа бақылау механизмі бизнес үшін қосымша жүктеме ретінде емес, электронды құжат айналымындағы жалған операцияларды азайтудың құралы ретінде сипатталып отыр. Бақылаудың жеделдеуі нарықтағы заңсыз делдалдарды, «бір күндік» компанияларды және жалған ЭЦҚ пайдалану жолымен құрылған тізбектерді анықтауға бағытталған.