Әлеуметтік желілерде 2026 жылдың қаңтар айында болған оқиғаға қатысты ақпарат тарады. Түнгі уақытта Ербол Нұрмұхамбетов қоғамдық орында бейәдеп сөздер айтып, азаматтық жұбайы – танымал әнші Маржан Арапбаеваға күш көрсеткен деген дерек жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.
Белгілі болғандай, Маржан Арапбаеваның күйеуі ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Egov.press Telegram-арнасының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар айының басында Ербол Тілепбекұлы Нұрмұхамбетов түнгі уақытта қоғамдық орында балағат сөздер айтып, азаматтық жұбайын шашынан сүйреген.
Сот шешімімен ол ұсақ бұзақылық дерегі бойынша 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Ақпаратта айтылғандай, бұл әрекеттер қылмыстық құқықбұзушылық ретінде де бағалануы мүмкін болғанымен, сот әкімшілік жаза қолданумен шектелген.
Оқиғаға қатысты Астана қаласының Полиция департаменті де түсініктеме берді. Ведомство дерегінше, қоғамдық орында балағат сөздер қолданғаны үшін елорданың 43 жастағы тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар тұрғын үй ауласында азаматтық жұбайымен жанжал кезінде оған қатысты физикалық күш қолдану фактісі анықталған.
Аталған жайт бойынша дене жарақатын келтіру дерегімен қосымша арыз тіркелді. Сот шешімімен ер адамға 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.