Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов тізесінен қайта жарақат алып, ота жасатуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Ариэль Хельванидің жазбасында спортшының менеджері Дэнни Рубинштейн Рахмоновтың дәл бұрын жарақаттанған тізесінен қайта операция жасалғанын растаған. Осы жарақаттың салдарынан файтер бұған дейін де бір жылдан астам уақыт октагоннан тыс қалған еді. Қалпына келу мерзімі 9–10 айға созылады деп күтілуде.
Кеше Шавкат Рахмонов Алматыда өткен Naiza лигасының турниріне қатысып, балдақпен жүргені көпшіліктің назарын аударған. Кейін оның жаттықтырушысы Эдуард Базров спортшының денсаулығында мәселе бар екенін растады.
«Номад» лақап атымен танымал Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылғы 8 желтоқсанда АҚШ-тың Невада штатындағы Парадайс қаласында өткен UFC 310 турнирінде өткізді. Ол кездесуде ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген болатын.