Алматы әкімдігі жемқорлыққа жол беріп отыр ма?
Алматы қаласы әкімдігі 20 модульдік типтегі әжетхана орнату үшін бюджеттен 160 млн теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Яғни әжетхананың әр данасын 7,9 млн теңгеге сатып алған.
«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дидар Смағұлов әкімдік әжетханаға тым көп қаржы жұмсап отырғанын, бұл жерде жемқорлық фактісі болуы мүмкін екенін айтады.
Дидар Смағұловтың сөзінше, 64 млн теңге негізсіз шығындалған. «Біз талдағанда әкімдік орнатқан әжетхананың бағасына таңқалдық. Олар бір әжетханаға сегіз миллионға жуық қаржы жұмсаған. Қаржының бірнеше есе көп жұмсалып отырғанын дәлелдеу үшін сарапшыларға жүгіндік. Олар тексерді. Нәтижесінде әкімдік әжетхананы екі есе қымбат бағаға сатып алғаны анықталды. Яғни, әкімдік әрбір әжетханаға 7,9 млн теңге жұмсаған. Біз тексеріп қарағанда мұндай әжетхананың бағасы – 4,7 млн теңге,- дейді Дидар Смағұлов.
Ол бұл жерде жемқорлық фактісі болуы ғажап емес екенін айтып отыр. «Жемқорлық фактісі болуы мүмкін. Өйткені әжетхананы сатып алып, қабылдаған әкімдік. Қандай да бір пайызын өздеріне алған шығар. Себебі осындай қымбат нәрсені алуға да бір себеп бар ғой. Мұны анықтап, білу үшін (жемқорлықты айтып отыр – ред) аса қатты білімнің қажеті жоқ. ОЛХ-ке кіріп қарасаңыз, бағасы бірден шығады,- дейді Дидар.
Оның айтуынша, модульдік типтегі 20 әжетхананың ешқайсысы стандартқа сәйкес келмейді. Техникалық құжаттамасы бойынша басқа материалдардан жасалған болуы керек болған. Алайда әкімдік тапсырыс беріп орнатқан бұл әжетханалар арзан материалдардан жасалған.
Дидар Смағұлов осы мәселені өткен жылы да көтергендерін айтады. Ол Антикорға тексеріс жүргізулерін сұрап, хат жолдаған. Алайда бұл құзырлы орган саусақ ұшын қимылдатпаған.
- Былтырғы жылдың қараша айында Антикорға жазып, осындай мәселе бар екенін, қарап, тексеріп, талдау жасаңыздар, қойылған әжетханалардың ешқайсысы істемейді деп жазғанбыз. Алайда қозғау болған жоқ. Енді осы мәселені өзіміз қайта қолға алып отырмыз. Мұны аяғына дейін жеткіземіз. Антикордан осы әжетханаларды сатып алуын ұйымдастырған әкімдіктің лауазымды тұлғаларын қылмыстық жауапкершілікке тартуын талап етеміз,- дейді «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дидар Смағұлов.
Ол 20 әжетхананың қойылғанына екі жылдай уақыт болғанын, бірақ күні кешеге дейін оның біразы жабық тұрғанын айтты.
Бізге әжетханалардың істемей тұрғанына қатысты Алматы тұрғындарынан көптеген шағым түсті. Кейін үш-төртеуін тексеріп қарағанымызда жабық болды. Барлығын тексеруге мүмкіндік болмады,- дейді.
Malim.kz тілшісі осы әжетханаларды қоюмен айналысқан «Soft Enqineerinq» ЖШС-на хабарласқан, алайда қоңырауға ешкім жауап бермеді.
Біз бұл мәселеге қатысты Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сауал жолдағанбыз. Алайда бұл материал шыққанша жауап келмеді.