Асқар Мәмин: «Бір терезе» шілдеге дейін ашылсын
Кәсіпкерлерді қағазбастылықтан, бюрократиядан құтқарады делінген «Бір терезе» жүйесі бірінші шілдеге дейін ашылсын. Бүгін үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин Ұлттық экономика министрлігіне осындай тапсырма берді. Министрлікке бұл тапсырманы орындай салу айтуға ғана оңай. Кәсіпкерлерге арналған «Бір терезе» қағидасына жету үшін ең алдымен парламент қарауында жатқан, үкімет ұсынған заңнамалық жобаларды алдымен мақұлдап, сосын қабылдап беруі тиіс. Үкіметтің көздегені парламенттен күзелмей шықса, онда кәсіпкерлер үшін құжатты шарттарды тіркеу рәсімі оңайлайды (мөртабан қою жойылады), қосылған құн салығын төлеушіні тіркеу тәртібін жеделдейді (онлайн, 1 күн ішінде), 1 күн ішінде онлайн банктік шоттарды ашу мүмкіндігі қарастырылады, жекелеген рәсімдерде міндетті хабарлау қажеттігі алынып тасталады (МСҚБ, жол полициясы), ақпаратқа жария қол жеткізу арқылы мәмілелердің қауіпсіздігін арттыру реттеледі (тыйым салу, ауыртпалықтар, заңды тұлғалар үшін жылжымайтын мүлікке меншік құқығы туралы), бірқатар рұқсат беру құжаттарын бір пакетке біріктіреді және т. б. қарастырылады. Үкімет кәсіпкерлерге «Бір терезесін» ашып, осыншама жағдай жасап берсек, ел экономикасы гүлденіп кетеріне сенімді.
– Үкімет алдына шағын және орта бизнес рөлін күшейту және оның ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай кемінде 35 пайызға, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу міндеті қойылды. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу және бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау үшін ауқымды әрі жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді үкімет отырысында Асқар Мамин.
Премьер-министр «Бір терезенің» жобасын парламент 1-маусымға дейін мақұлдап береріне үмітті.
Жалпы, Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдауға қатысты «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» және «Қарапайым заттар экономикасы» секілді бағдарламалар жұмыс істеп тұр. 2019 жылы осы бағдарламалар арқылы 5903 жобаға қаржылық қолдау көрсетілген. Оың 3700-і жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға және 2200-і жаңа өндіріс орнын құруға немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге бағытталған.
Ал 2019 жылы жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 29,5 пайызға жеткен.