Ахметов ардагерге бармай жатып, ақталды
Күллі Қазақстан жылдағыдай 9 мамыр – Жеңіс күнін атап өтуге дайындалып жатқанда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВ күтпеген жерден жер шұқып қалды. «Құрметтейтін, сый-сыяпатын беретін қарты қалмаған ба?» деп қалмаңыз...
Жо-жоқ, ол кісі ардагерлерді ардақтап, қарттарды құрметтеуді ешуақытта есінен шығарған емес. Облыс әкімдерінің ішінде бірінші болып тыл және соғыс ардагерлеріне жыл сайын қанша көлемде бір реттік жәрдемақы беретіндігін де алдымен жария етеді. Соған сәйкес, қазір шығыста көзі тірі қалған 79 соғыс ардагерінің әрқайсына 1 000 000 теңге бір реттік материалдық көмек беретіндігін де мәлімдеп тастаған. Қынжылтарлығы - Даниал Кенжетайұлы осы қаражатты бөлгені сол, әлеуметтік желі арқылы биыл ғасыр жасап, 100-ге толатын тыл ардагері Хауа БҰЛАНБАЕВА «миллионер» аталатын ардагерлер тізімінен сызылып тасталыпты. Бұған қатысты алдымен, әлеуметтік желіде ардагер әженің Манап атты немересі жай ғана хабарлап қана қоймай, облыстық ардагерлер кеңесі тарапынан «темекі тартатынына байланысты сызылып қалғанын» естіп, шу көтерді. Ардагерлер кеңесінен мәлімдеуінше, облыс әкімі осы себепке байланысты Хауа әжеге бара алмайды екен. Мұны ұзынқұлақтың қауесеті деуге де болар еді, күні кеше Даниал Ахметовтің өзі тосыннан төмендегідей мәлімдеме жасап, «Фейсбук» парақшасында былайша жария етті:
«Облыстың ардагерлер кеңесі қызметкерлерінің жұмысынан кемшілік кетіп отыр. 7 мамырда мен міндетті түрде жерлесіміз, тыл еңбеккері Хауа Бұланбаеваны Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Мен оның немересі Манаппен телефон арқылы сөйлестім, біз кездесуіміздің барлық егжей-тегжейлері туралы келістік.
Айта кетейін, ардагерлерімізді қорғау үшін маған ПТР-тестілеуден өту керек. Пандемия басталғаннан бері қарттарымыз вирусты жұқтыру ықтималдығы жоғары топқа жатады, сондықтан біз олардың өміріне қауіп төндіре алмаймыз.
Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің Жеңіске қосқан үлесі баға жетпес. Жыл сайын 9 мамыр мерекесі қарсаңында мен жерлес ардагерлерімізді үлкен құрметпен құттықтаймын»,-деді өңір басшысы.
Әрине, білдей облыс әкімінің орын алған кемшілікті мойындап, ардагердің үйіне «ұлық басын кішірейтіп» бәрібір де баратынын ашық мәлімдегені – біліктілік. Ал, сонда оны мұндай ыңғайсыз жағдайға қалдырған, ардагердің немересі Манап атты азаматқа қоңырау шалған кім болды? ШҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы ШЕРУБАЕВТЫҢ айтуынша, бұл оқиғаның туындауына себепкер болған адам – зейнеткер Валентина ПЕТРОВНА екі ай шамасында ғана қызмет етіп, қазір жұмыстан босатылыпты.
-Негізі Даниал Кенжетайұлы (облыс әкімі-авт) 2016 жылы осы Хауа анамыздың үйінде болған. Оқиға болар күні аралайтын жерлер болды да, қала ішін аралап кеткем. Жауапты адамдарға тапсырғам. Бір күн қалғанда олардың алдын ала баруына әлгі Манаттың өзі зіркілдеп... Валентина Петровна екеуі түсінісе алмай қалған. Кейін ол әжені «темекі тартады» дейтіндей жынды емеспін ғой деді. Бірақ, әженің құлағы естімейтіндігін ескеріп, соған байланысты айтқан екен. Одан бастыққа бардым (Д. Ахметовті айтады-авт). Ол кісі ренжіп, «Мынаған барам, мынаған бара алмаймын» деп әлі айтқан жоқпын. 9-ына дейін аралаймын. Облысты басқарғалы ешуақытта мұндай жағдай кездескен емес» деді. Расында да бұл өте қолайсыз ахуал болды,-дейді А. Шерубаев.
Ардагерлер кеңесінің басшысының айтуына сенсек, осы жағдайға қатысты адамдардың қайсына сенерін өзі де білмейді. Жұмыстан кеткен Валентина Петровна болса, өмір-бақи қазақтармен көрші тұрып келе жатып, мұндай шиеленісті жағдайға апаратын сөз айтып көрмегенін мәлімдеп, ақталған.
Ал, қазір Д. Ахметов тыл ардагері Х. Бұланбаеваның үйін ПТР-тест тапсырып, одан соң барып босағасынан аттауға дайындалып жатыр.
Фото: egemen.kz