Бір миллиард бюджет қаржысына ескерткіш қойылмақ
Әуежай мен су құбырын қатырмаған Баянауыл ауданында 1 миллиард теңгеге ескерткіш қойылмақшы.
Баянауыл ауданы экономикасының нақты секторы бөлімі мемлекеттік сатып алулар порталына Олжабай және Жасыбай батырларға ескерткіш орнатуға тендер жариялаған. Хабарландыру 2021 жылы 24-ші мамыр күні ілінген. Өтініштерді қабылдау 8 - маусымда аяқталған.
Порталда іліген хабарландыруда ескерткіш орнатуға бөлінетін жоспарланған сомма 793 717 460 теңге делінген. Бірақ лоттық техникалық ерекшеліктері бөлімінде жұмыстың сметалық құры 949 733 767 миллион теңге деп көрсетілген. Яғни Баянауыл ауданы экономикасының нақты секторы бөлімі Олжабай мен Жасыбай батырларға арналған мемориалды кешеннің құрылысына 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсамақ.
Павлодар облысы Баянауыл ауданының шенеуніктері миллиардтарға ескерткіш қоюмен ғана емес, әуежай мен су ұбыры қаржысын жымқырумен де жалпақ жұртқа танымал. 2021 жылдың қаңтар айында Баянауыл ауданының экс-әкімі Оразгелді Қайыргелдинов ұшып-қонуға жарамсыз әуежай сатып алғаны үшін 3,5 жылға сотталған. Ауданның қазіргі әкімі Қанат Кәрімовтің сөзінше, әуежай үлкен ұшақтар мен туристерді қабылдау үшін жанындағы тауды бұзу қажет.
Бұдан бөлек, былтырғы жылдың желтоқсан айында ҚР Қаржы министрлігінің қаржы мониторингі комитетінің телеграм арнасында дәл осы Баянауыл ауданына қатысты ақпарат жарияланған. Онда 2017-2019 жылдары Баянауыл су құбырларының құрылысына бөлінген 1,2 миллиард теңге бюджет қаржысының жымқырылғаны жөнінде айтылған. Сол уақыттан бері аталмыш оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге оның немен аяқталатыны белгісіз.