Денсаулық сақтау министрлігі Бекшинді жазаламайды
Денсаулық сақтау министрлігі Алматыда карантин шараларын жеңілдеткен қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшинге қатысты ешқандай шара қолданбайды. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.
Журналистер әуелі министрлік өкілдерінен қатаң карантин шараларының тиімді-тиімсіздігі жайлы сұрады. Себебі карантин шараларын жеңілдеткен Жандарбек Бекшин "қатаң шаралар тиімді болмады" деп түсіндірген.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Мұрат Шоранов "әлемдегі тәжірибе карантин тиімді екенін көрсетті" деп мәлімдеді.
"Карантин бүкіл әлемде тиімділігін көрсетті. Кей елдерде төтенше жағдай енгізілді. Біз де өз тәжірибемізде карантиннің тиімділігін көрдік", - деді Шоранов.
Журналистер брифинг кезінде қызыл аймақтағы Алматыда індет өршігеніне қарамастан карантин шараларын жеңілдеткен Жандарбек Бекшинге қатысты қандай да бір шара қолданылады ма деп сұрады.
Бұл сұраққа жауап берген Айжан Есмағамбетова Жандарбек Бекшин Алматыдағы карантинді жеңілдететін қаулыны министрлікпен ақылдаса отырып қабылдағанын, сондықтан Бекшинге қатысты шара қолданылмайтынын айтты.
"Еліміздің бас санитар дәрігері бүкіл ел аумағында карантинді қатаңдату туралы шешім қабылдаса, онда ол шараларды жеңілдету жайлы шешімді де тек оның өзі қабылдай алады. Бірақ аймақтардағы бас санитар дәрігерлер жергілікті жердегі эпидемиологиялық ахуалды жақсы білетіндіктен, карантин шараларын қатаңдату туралы шешімді қабылдауға құқылы. Аймақтардағы бас санитар дәрігерлер өздері қабылдаған қатаң шараларды жеңілдете алады, бірақ ондай қаулыны міндетті түрде еліміздің бас санитар дәрігерімен келісіп барып қабылдайды. Бекшинге қатысты шараларға келсек, ол карантин шараларын жеңілдету туралы қаулыны бізбен келісіп барып қабылдады. Сондықтан оған қарсы шара қолданылмайды", - деді А.Есмағамбетова.
Еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысына сәйкес, енді карантин шараларын жеңілдету бойынша шешімді Ерлан Қиясовтың өзі қабылдайды. Облыстар мен Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігерлері өздерінің аумағында карантин шараларын күшейту бойынша ғана шешім қабылдай алады.
Жақында Алматының бас санитар дәрігері Алматыда карантин шараларын жеңілдетіп, қызыл аймаққа кірген қалада сауда-ойын сауық орталықтары мен бірқатар қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс күндері жұмыс істеуіне рұқсат еткені белгілі. Алматыда індет өршіп, күн сайын 500-700 адамнан коронавирус анықталып жатқанда Жандарбек Бекшиннің карантинді әлсіреткенін сынға алғандар көп болды. Мыслы, қоғам белсендісі Ерлан Нұрпейісов карантин шаралары тиімсіз екенін қазір мойындап, жыл бойы шағын және орта кәсіпті табысынан айырған, ойланбай қаулы қабылдайтын бас санитар дәрігердің отставкасын талап етті.
Жандарбек Бекшиннің өзі карантин шараларын әлсірету жөніндегі шешімін “қатаң карантин шараларының тиімді болмауымен” түсіндірген.